Жоғарғы сот тәркіленген ұшаққа қатысты істі қарап, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы соты әуе кемесін тәркілеуге қатысты істі қарап, заң бұзушы меншік иесі болмағандықтан бірінші сатыдағы соттар шешімін өзгертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғары сот баспасөз қызметінің мәліметінше, «Fly Jet.kz» ЖШС 2020 жылғы маусымда Hawker 900ХР әуе кемесін кедендік аумаққа әкелу кезінде көлік құралын және уақытша әкелудің екі айлық мерзімін көрсетіп, кедендік декларацияны ресімдеген.

«Көрсетілген мерзім өткеннен кейін ЖШС әуе кемесін алып кетпеген. Мерзімді ұзарту туралы өтініш мемлекеттік кіріс органына сол жылдың тамыз айында, яғни уақытша әкелу мерзімі өткеннен кейін жіберілген. Уәкілетті орган мен сот құқық бұзушының әрекетін ЕурАзЭҚ-тың кедендік аумағынан уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын әкетпеу (ӘҚБтК-нің 543-бабының 1-1-бөлігі) ретінде саралаған.

ЖШС орын алған осы құқық бұзушылықты мойындаған. Бұл ретте, кеме қозғалтқышының цифрлық электронды жабдығының техникалық ақауы уақытша әкелу мерзімін сақтамауға себеп болғандығы туралы құжатпен расталған мәліметтер ұсынылған», делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, сотқа ақауды жою үшін қажетті жабдықты әкелу туралы тауарларға арналған декларация (2020 жылғы тамыз) табыс етілген.

Бірінші сатыдағы сот ЖШС-ға 30 АЕК (80 мың теңгеден астам) айыппұл салып, әуе кемесін тәркіледі. Апелляция осы шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Жоғарғы сот істі қарап, әуе кемесінің меншік иесі ЖШС емес, «Area Plus JV Limited» компаниясы екенін анықтады.

«ӘҚБтК-нің 45-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер оның Ерекше бөлігінде басқаша көзделмесе, заң бұзушының меншігі ғана тәркіленуге жатады. Бұған қоса, көлікті тәркілеу түріндегі жаза баламалы (міндетті емес) шара болып табылады және оны қолдану, қолданбау жағын мән-жайларды ескере отырып, сот шешеді.

ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі баптарының санкцияларында жазаның баламалы түрі болған кезде әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын қатаң сақтауды талап етеді. Сондықтан сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың мән-жайын ескеріп, алдымен онша қатаң емес жазаны, содан кейін қатаң жазаны қолдану мүмкіндігін қарастыруы керек», делінген хабарламада.

Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы бірінші сатыдағы соттардың шешімдері мен іс бойынша апелляцияларды өзгертті. Әуе кемесін тәркілеу түріндегі қосымша әкімшілік жазаның күші жойылды.

Соңғы жаңалықтар