Жоғарғы сот қылмыстық іспен сотталған үш адамды ақтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Жоғарғы соты үш қылмыстық іс бойынша сотталғандарды ақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылдың маусымында сот Виталий Ермоловты есірткі затын пайдаланатын орын ұйымдастырып, ұстағаны үшін және сол мақсатта пәтер бергені үшін кінәлі деп тапты. Ол Қылмыстық кодекстің 302-бабының 1 бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляциялық шағым үкімді өзгеріссіз қалдырды. Жоғарғы Сот істі қарап, сот тұжырымдарының істің нақты жағдайларына сәйкес келмейтінін және заң нормаларын дұрыс қолданбаудан кінәсіз адамның сотталғанын анықтады», - деп жазды Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Facebook желісінде.

Ондағы мәлімет бойынша, Ермолов өз пәтерінде есірткі пайдалануды ұйымдастырды деген айыппен келіспеген. Іс материалдарынан (куәгерлер түсініктемесі мен сараптама қорытындысы) есірткіге тәуелді басқа адамдардың Ермоловтың пәтерінде есірткі затын пайдалану фактісі жеке сипатта болғаны байқалады.

«Қылмыстық қудалау органы сотталушы пәтерінің есірткі затын тұтынуға бейімделгені туралы дәлелдемелер ұсынбаған. Кассация осы іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, оларды заңсыз деп таныды. Сотталушы әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды», - деп түсіндірді Жоғарғы сот өкілі.

В. Ермоловқа қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеті салдарынан тартқан зардапты өндіріп алу және ақталу құқығы берілді.

ҚАЖ әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбаудың 8 эпизоды бойынша айыпталған Эдуард Корчагин ісі бойынша да дәл осындай шешім шығарылды.

«Э. Корчагин 2011 жылдың сәуір айында Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-бөлігінің «и» тармағына және 60-бабына сәйкес, 18 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Ал 2014 жылдың қарашасында Қылмыстық кодекстің (1997 жылғы ред.) 360-бабының 1-бөлігі бойынша 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған Қылмыстық кодекстің 60-бабы бойынша түпкілікті 16 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Оны қылмысты қайталады деп айыптаған. Корчагин ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбаудың 8 эпизоды бойынша кінәлі деп танылған. 2015 жылы апелляция мен кассация сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын алып тастай отырып, үкімді өз күшінде қалдырған», - деп жазды А. Сәдуақасов.

Жоғарғы Сот істі қарап, 2014-2015 жылдары Корчагинге қатысты шығарылған сот актілерінің күшін жойды. Қылмыстық кодекстің 360-бабының 1-бөлігі бойынша сотталушы әрекетінде қылмыстық құқық бұзу құрамының болмауынан іс жүргізу тоқтатылды. Қылмыстық кодекстің 60-бабын қолдану күшін жойды.

Корчагин тәртіптік жауапкершілікке тартылған әрекеттер қылмыстық-атқару жүйесінің қалыпты қызметінің бұзылуына әкеп соқпаған. Іс материалдарында оның әкімшілік талаптарына бағынбағаны, озбыр мінез-құлық көрсеткені немесе мекеме қызметкерлеріне қатысты наразылық білдіргені жөнінде айғақ жоқ. Корчагинге тағылған айып кезекші бақылаушылардың сөзіне ғана негізделген. Корчагинмен бірге жазасын өтеп жатқандардың ешқайсысынан жауап алынбаған.

«Іс материалдарында заңбұзушылық мәні нақтыланбаған, олардың жасалу себептері, тәсілдері мен мән-жайы анықталмаған. Бұл сот тергеуінің біржақты жүргізілгенін, сотталған адамның мекеменің заңды талаптарына қасақана бағынбау ниетінің жоқтығын, тәрбиелік әрекеттің орнына айыптау үкімінің шығарылғанын білдіреді. Демек, ҚАЖ әкімшілігі Э. Корчагинді ҚАК-тің 130-бабына орай заңды қасақана бұзу болып саналмайтын бұзушылықтар үшін тәртіптік жауапкершілікке негізсіз тартқан», - деп түсіндірді баспасөз хатшысы.

Тағы бір ақталушы Анар Маханова бұрын 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот оны Қылмыстық кодекстің 428-бабының 1-бөлігіне сәйкес мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбағаны үшін кінәлі деп тапқан. Ол 2 жыл 6 айға сотталған. Ал Қылмыстық кодекстің 60-бабы 1-бөлігі негізінде оған түпкілікті 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы берілген.

Іс апелляцияда қаралмаған.

«Жоғарғы сот айыпкер әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты мына негіздер бойынша ақтады. А. Маханованың кінәсі туралы сот тұжырымы жан-жақты, толық және объективті зерттелген дәлелдемелерге негізделмеген. Сот іс бойынша қолда бар мән-жайға да тиісті баға бермеген. Сотта Маханованың барлық 6 құқықбұзушылықты мекеме жасағында емес, жаза өтеу тәртібін бұзғаны үшін жіберілетін тәртіптік изоляторда жасағаны анықталды. Осы ретте ол теріс қылықты тәртіптік оқшаулағышқа қамалғанына және белгіленген ұстау режиміне наразы болуына байланысты жасағанын түсіндірген», - деп жазды Айдос Сәдуақасов.

Оның айтуынша, жаза өтеудің белгіленген тәртібін бұзу (жинау жұмыстарынан бас тарту, дәретхана бөлмесінде темекі шегу және өзіне дене жарақатын салу) қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болмайды. Осы фактілер бойынша оны заңды қасақана бұзды деп тану және сөгіс түріндегі жаза қолдану, тәртіптік оқшаулағышқа отырғызу және ұстаудың қатаң тәртібін қолдану туралы қаулы шығарылған.

Сонымен бірге, істе сотталған адамның жазаны өтеу тәртібі мен шарттары көрсетілген мекеменің ішкі тәртіп ережелерімен қол қойып танысқанын және оларды бұзғаны үшін жауаптылығын куәландыратын деректер жоқ. А. Маханованың мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбауын куәландыратын айғақтар да жоқ.

«А. Маханованың тәртіптік жауапкершілікке тартылуына себеп болған әрекеттер қасақана жасалмаған, өйткені оның әрекеттері ҚАЖ мекемесінің қалыпты қызметін бұзған жоқ және ҚАК-тің 130-бабының 2-бөлігіндегі (жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзу) тізімге жатпайды», - деді А. Сәдуақасов.

Соңғы жаңалықтар