Жоғалған 5 жасар қыз соңғы рет жүгері алқабында болған: Хронология жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында ондаған адам полиция қызметкерлеріне жүгері алқабын тінтіп шығуға көмектесіп жатыр. Жоғалған 5 жасар қызды осы жерде көргендер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қостанай облысында ондаған адам із-түзсіз кеткен қызды іздеп-табуға қолғабыс етіп жатыр. Жергілікті және қала тұрғындары полицияға жүгері алқабын сүзіп шығуға көмектесуде. 5 жасар қызды соңғы рет дәл сол жерде көрген», - делінген полиция мәліметінде.

Ұсынылған видеода жүгері алқабына көптеген адам жиналып жатқанын көруге болады.

Еске салайық, Жамбыл ауылында тұратын 5 жасар қыз 7 тамыз күні таңертең үйінен шығып кеткен. Ерекше белгілері – сөйлемейді. Үйде 18 және 13 жастағы әпкелерінің қарауында қалған.

Полиция қызметкерлері бала жоғалған күннің хронологиясын жасады.

Кинология қызметі орталығының қызметкері Қайрат Бисембиннің айтуынша, бала үйінен таңертең 7-ге қарай шыққан –екінші қабаттағы асүйдің терезесінен шығып, газ құбыры арқылы тұрғын үйдің кіреберіс есігіндегі күнқағарға түскен, кейін күнқағардан ағашқа өрмелеген.

Сол уақытта ауладағы шуға елеңдеп, сыртқа шыққан көрші ер адам балаға ағаштан түсуге көмектескен. Ер адам оны пәтерге алып барған. Есікті қағып тұрған кезде қыз бала көшеге жүгіріп шығып кеткен.

Сағат 8:04-те бала видеобақылау камерасына түсіп қалған. Сондай-ақ балдырғанды ауыл тұрғыны көрген. Кейін қыз «Қостанай – Веденка» трассасы бағытына бет алған.

Сағат 8:06-да тағы бір адам оны Орталық көшеде көрген.

Сағат 8:24-те баланы ауылға қарай келе жатқан тракторшы байқаған.

Сағат 8:30-да оны сондай-ақ ауылға бет алған велосипедші көрген.

Іздестіру жұмыстары көрші Алтын дала кентінде де жүргізілді. Бұл кент жоғалған қыз тұратын ауылдан 9 км жерде орналасқан.

Қазіргі уақытта полицейлерге бала соңғы рет жүгері алқабында болғаны туралы мәлімет түскен. Алқапты полицейлер қоршауға алды, іздестіру жұмысына дрон пайдаланылып жатыр.

Бұған дейін Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков баланың анасымен бірге тікұшақта айналаны шолып өткен болатын.






Соңғы жаңалықтар