Жиын-тойды қойып, қазіргі жағдайға бейімделуіміз керек - Ералы Тоғжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов халықты тағы да карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус жаңа шындықты көрсетті десем артық айтқаным емес. Бұл біздің ұлтымызға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп отырған үлкен қауіп. Ғасырлар бойы біздің халқымыз ел басын қосатын көптеген дәстүрді ұстанып келді. Той-жиынды, құдалық секілді салттар бізде бұрыннан бар. Бірақ бүгінгі жаңа сын-қатерлерге бейімделуіміз керек. Ашығын айтқанда қазір кейбір ұстанып жүрген дәстүрлеріміз бүгінгі қауіпке қарама-қайшы. Уақытша бас тарта тұрсақ – халыққа бұл игі болары сөзсіз», - деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ералы Тоғжановтың айтуына қарағанда, аурудың қауіпі туралы бес айдан бері айтылып жатыр.

«Біз барыншы қатаң, барыншы түсіндіріп те айтып жатырмыз. Тыйым да салдық. Соған қарамастан әлі де қарапайым сақтық нормаларын елемей отырмыз. Облыстарды аралап шығып, ол мәселелерді айтқан едім. Қазір ашығын айтқанда тоқтау керек. ІІМ-нің ресми деректерін келтіре кетсем, 4,5 мыңнан астам түрлі заңбұзушылықтар анықталып отыр. Оның ішінде тойлар да, құдалықтар да, туған күндер де бар. Тойға да барамыз, қонаққа да барамыз. Бірақ оның бәрін тоқтату керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын екі аптаға ұзартуды тапсырған болатын.

Мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қазақстанда карантин шаралары екі аптаға ұзартылды.



Соңғы жаңалықтар