ЖИТС орталығының мамандары қалың жұртшылық арасына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Ханшатыр» сауда, ойын-сауық орталығында Жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) індетінің алдын алу және оған қарсы күрес бойынша қала тұрғындарына арналған ауқымды акция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адамның иммундық тапшылық вирусын (АИТВ) болдырмауды қолдаймын» атты іс-шара Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні шеңберінде ұйымдастырылды.

Елордалық «ЖИТС орталығының» мамандары қала тұрғындарына медициналық кеңестер беріп, ақпараттық парақшалар таратты. 1800-ге жуық адам қабылдауда болса, 120-ға жуығы өз еріктерімен АИТВ-ға жедел тестілеуден өтті.

Сондай-ақ Дүниежүзілік ЖИТС күніне орай «АИТВ-ның алдын алуды қолдаймын» хештегімен бір ай көлемінде түрлі әлеуметтік желілерде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Тұрғындарды дерттің алдын алуға қарсы ақпараттық сауаттандыру жұмыстары айлық кезінде ғана емес, жыл бойы жүргізіледі», - дейді ұйымдастырушылар.

Астана қалалық «ЖИТС орталығы» бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, осал (есірткіні инъекциялық жолмен тұтынатындар мен ақылы жыныстық қарым-қатынас ұсынатын тұлғалар) және дені сау топтарға жататын тұлғалар арасында індеттің алдын алу шаралары бірнеше бағыт бойынша әрі бөлек-бөлек жүргізіледі. «Бұл кешенді жұмыс. Әр нәтиже біз үшін жетістік», - дейді ол.

Айта кетейік, Астана қаласында үстіміздегі жылғы 10 айда АИТВ инфекциясының жаңадан 161 жағдайы тіркелді. Оның 71 пайыз жағдайында жұқпа жыныстық жолмен берілген, олардың 49 пайызы 20-39 жас арасындағы азаматтар. Инфекцияға шалдыққандардың жартысынан көбі қауіпті топ өкілдеріне жатпайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, күн сайын әлемде АИТВ-ны жаңадан жұқтырудың 7400 фактісі тіркеледі. Ал 5500 адам АИТВ салдарынан туындаған сырқаттардан көз жұмады. Сағат сайын аталмыш індетке 308 адам шалдығады.

Медициналық жетістіктердің арқасында бүгінде ЖИТС-тен адам өлмейді.

Ол үшін: ем-дом қабылдауды уақтылы бастау, дәрі-дәрмектерді қатаң түрде қабылдау, ем барысында қателікке бой алдырмау, дәрігердің бақылауында болу және анализдерді дер кезінде тапсырып тұру қажет.

null 

Соңғы жаңалықтар