Жигули Дайрабаев: «Дайындыққа уақыт аз болды» деу – жалқаудың тірлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы кезектен тыс президент сайлауында кімді қолдайтынын Қазақстан сайлаушылары шешеді. Мұндай пікірді 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына «Ауыл» партиясынан кандидат Жигули Дайрабаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 қарашада өтетін президент сайлауына кандидат болып тіркелдім. Қазір куәлігін Әбдіров мырза тапсырды. Ең алдымен ОСК мүшелеріне, екіншіден санаулы күннің ішінде сайлаушылардың 1 пайыздан астам қолын жинап берген «Ауыл» партиясы мен Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшелеріне ризашылығымды білдіремін. Президент сайлауына кандидат ретінде қатысу үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақстанның патриоты ретінде оны өте жақсы сезінемін, жауапкершілікті түсінемін. Осы сайлауда кандидат ретінде алға қойған жоспарларым бар. Оның бәрін заңға сәйкес 21 қазан күні кешкі сағат 18.00-ден кейін жариялаймыз. Қазір «Ауыл» партиясы кеңесінің мүшелерімен, белсенділермен сайлауалды бағдарламамызды, жоспарларымызды дайындап жатырмыз. Заңға сәйкес уақытында жариялаймыз», - деді Жигули Дайрабаев кандидат ретіндегі тіркелгеннен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Кандидат алдағы сайлауда кімді қолдайтынын, кімге дауыс беретінін Қазақстан сайлаушылары шешетінін баса айтты.

«Ауыл» партиясында 300 мыңнан астам, Қазақстан фермелер қауымдастығында 52 мыңнан астам мүше бар. Сайлау заңнамасына сай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, көпшіліктің қолдауына сенеміз. Әрбір сайлаушының дауысын алуға тырысамыз. Біз кез келген жағдайға 365 күн дайын болуымыз керек. «Дайындалуға уақыт аз болды, жетпей қалды» деу - жалқаудың тірлігі. Сондықтан әрекет еткен, тырысқан, талаптанған адамға бәрі шешіледі. Жасыратыны жоқ, өзім де қол жинадым. Жұбайым да көмектесті. Жеке өзім 450-500 қол жинадым», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар