«Жидебай - Бөрілі» музейінің көшпелі көрмесі Алматыға әкелінді
2022 жылғы 10 тамыз 15:50

«Жидебай - Бөрілі» музейінің көшпелі көрмесі Алматыға әкелінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Абай мұрасы – рухани қазына» атты көшпелі көрмесі Алматыға әкелінді. Қала тұрғындары мен қонақтары екі апта бойы ақынның мұрасымен таныса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы Абай күніне орай «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қолдауымен оңтүстік астанада Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Абай мұрасы – рухани қазына» атты көрмесі ашылды.

Көрмеге 50-ден астам жәдігер әкелінді. Музейге келушілер Абайдың өмірі мен шығармашығына қатысты құнды деректермен танысып, музыкалық мұрасы, қоғамдық қызметі, Құнанбай Өскенбайұлы туралы мұрағат деректерін оқып, көре алады.

Бұған дейін зиялы қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойған болатын .

Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері метроға түсіп, ұлы ақынның шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындады.

Айта кетейік, елімізде 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні деп белгіленді.



Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT