«Жидебай - Бөрілі» музейі: Ақтөбеліктер Абай тұтынған заттармен таныса алады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемле­кет­тік тарихи-мәдени және әдеби-мемо­риал­дық қорық-музейінің «Абай мұрасы – рухани қазына» атты көшпелі көрмесі Ақтөбеге әкелінді. Енді бір ай бойы ақтөбеліктер ақынның мұрасымен таныса алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемле­кет­тік тарихи-мәдени және әдеби-мемо­риал­дық қорық-музейінің «Абай мұрасы – рухани қазына» атты көрмесі ашылды.

«Абайдың өмірі мен шығармашығына қатысты құнды деректермен танысып, музыкалық мұрасы, қоғамдық қызметі, Құнанбай Өскенбайұлы туралы мұрағат деректерін оқып, көруге болады. Көрмеге 100-ден астам жәдігер әкелінді. Мұнда Абай алақанының табы қалған құнды дүниелер бар. Олар: ері, кісе белбеу, тоғызқұмалақ тақтасы. 1885 жылы Семейдегі тарихи-өлкетану музейіне Абайдың өзі тапсырған асатаяқ, сыбызғы, ХІХ ғасырда пайдаланылған дауылпаз сынды музыкалық аспаптары да жеткізілді. Көрмеде Абай білім алған Семей қаласындағы Ахмет Риза мешіт-медресесінің оқулықтары бар. Бұл ХІХ ғасырдағы Орта Азия елдерінде жарық көрген оқулықтар мен танымдық кітаптар», - деді музейдің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай.

Айта кетейік, Абайдың әдеби-мемориалдық музейі М.Әуезовтің ұсынысы бойынша ақынның туғанына 95 жыл толу қарсаңында Қазақ КСР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнiң қаулысы негiзiнде құрылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей. 1990 жылы Абайдың 145 жылдық мерейтойына орай Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып құрылды. Қорық-музейдің негiзгi қорын 1885 жылы Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттары құрайды.


Соңғы жаңалықтар