«Жібек жолындағы сұхбат» экспедициясы Тараздағы Ұлы тойға аттанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық Үйінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Жібек жолындағы сұхбат» - «Орталық Азия: өңірдегі халықтардың ынтымақтастығы» экспедиция мүшелері өз әсерлерімен бөлісті.

«Экспедицияның басты мақсаты - Ұлы жібек жолы бойындағы, сонау Қытайдан бастап Батыс Еуропаға дейінгі халықтардың бірлігін сезіну. Негізгі әңгіме ауаны Орталық Азия төңірегінде болды. Аймақ халқына ортақ дүниелер өте көп. Орталық Азияның Иран, Қытай, Үндістан мемлекеттерін дамытуда рөлі зор болды. Бүгінде 550 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан да осы үлкен тізбектің маңызды мүшесі. Мұнда ортақ ақпараттық мәселесі өте маңызды. Орталық Азия экономикамызды, саясатымызды, мәдениетімізді біріктіретін ортақ ақпараттық кеңістікке ие. Зиялы қауым өкілдерінің шығарған декларациясы ешқашан билік назарынан тыс қалған емес. Біздің бастамаларымыз мемлекет саясатының негізіне айналуы ықтимал», - деді қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам.

Экспедиция мүшелері өз сапарларын Ақсу-Жабағылы қорығынан бастап Ыстықкөлде, Қапшағайда, Алматы облысында болып, Қытайға да сапарлап қайтқан.

Бүгін жоба мүшелері Тараз қаласында өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығының негізгі іс-шараларына қатысуға аттанып кетті.

Тараз қаласында «Жібек жолындағы сұхбат» жобасының аясында «Орталық Азия: өңірдегі халықтардың ынтымақтастығы» тақырыбында Мұхамед Хайдар Дулати атындағы ТарМУ-да дөңгелек үстел өтеді.

Айта кету керек, «Жібек жолындағы сұхбат» - бұл мәдениетаралық диалог тұрғысындағы жалпы мәдени және жалпы тарихи құндылықтарды одан әрі дамытуға әрі сақтауға ықпал етіп, көрші елдердің сарапшыларымен ынтымақтастықты нығайтатын Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткізілетін халықаралық жоба.

Бұл жоба белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Жобаға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан зиялы шығармашылық қауым өкілдері қатысуда.

2007 жылдан бастап жоба Қазақстан халқы Ассамблеясы, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «ҚХА әлеуметтік консорциумы» ҚҚ мен ҚХА этномәдени орталықтары қолдауымен жүзеге асып келеді.

2014 жылдан бастап ұйымдастырушылардың саны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ЮНЕСКО кафедрасымен толықтырылып, ЮНЕСКО-ның ұлттық комиссияларының қолдауына ие болды.

Соңғы жаңалықтар