«Жібек жолы» кемесіне байланысты Қазақстанға санкция салынбайды –Өскенбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Украина тарабының шағымын тудырған «Жібек жолы» кемесінің әрекетінен Қазақстанға санкция салынбайды деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ол кеме Ресей компанияларына жалға берілген. Жалға алған Ресей компаниясына ешқандай санкция салынған жоқ. Оларға ешқандай шектеу жоқ. Сол себепті біздің кәсіпкерлер, яғни ҚТЖ-ға қарасты KTZ Express Shipping компаниясы оны жалға берді. Олар не тасығанын өздеріңіз де көріп отырсыздар ғой. Ол бізге де жаңалық болып тұр. Заңды түрде таситын тауар болса, ешқандай шектеу жоқ. Ал бірақ шарт бойынша бір елдің заңын бұзатындай жағдай болса, онда біздің кәсіпкерлер мәселе көтеріп, ол кемені кері қайтаруға құқығы бар», - деді министр.

БАҚ өкілдері «Аталған кеменің әрекетінен Қазақстанға санкция салынуы мүмкін бе» деп сұрады.

«Бұл жағдай санкция сияқты салдарға апарып соқпайды. Біз жалға бергенде ол кәсіпкер санкцияда болса, басқа да шектеулерге алынса, бізге уәж айтуға құқығы бар болатын еді. Бірақ ол компанияға ешқандай шектеу қойылған жоқ. Сол себепті заңды түрде шағым берді. Бірақ ол жақтан заңбұзушылық болса, Түркия немесе Украина бізге ресми түрде баяндама берсе, онда біз де зерттеп, тиісті шара қабылдап, өз шешімізді белгілейміз», - деді министр.

Қазақстан «Жібек жолы» кемесін жалға алған ресейлік компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін.

Бұған дейін белгілі болғандай Түркиядағы Украина елшісі Василий Боднар қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен тасымалданған астық жөнінде жергілікті билікке жүгінгені хабарланған болатын.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Украинадан астық экспортталып жатқанына қатысты пікір білдірді.

Сонымен бірге ҚТЖ кемені жалға алушыдан мән-жайды жедел әрі егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрады.


Соңғы жаңалықтар