Жібек Мусинованың ісіне байланысты алғашқы сот отырысы даумен басталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Есіктегі атышулы іске байланысты соттың алғашқы отырысы кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінгі сот процессі басталмай жатып, аяқталды. Себебі, айыпталушыларға айыптау актісі дұрыс берілмеген. Орысша сөйлейтіндерге қазақша, қазақша сөйлейтіндерге орысша мәтін берген. Бұл жайт Жібек Мусинованың адвокаты Айман Умарованың көңілінен шықпады. Оның сөзінше бұндай жағдай ертең соттың әділ өтуіне кедергі болуы мүмкін. Сол себепті Айман Умарова айыптау актісін айыпталушыларға қайта беруге ұсыныс берген. Айман Умарова прокуратураның ісіне көңілім толмай тұр дейді.

«Негізінде прокурорлардың қасында жәбірленушілер отырады. Ал сотталушылар мен қорғаушылар басқа тарапта, демек оң жақ, сол жақ болып отыру керек. Ал бізде екі прокурор отыр, олардың жанында жабысып, қорғаушылар отырып алған, біз сонда қайда отырамыз»,- дейді.

Сондай-ақ Айман Умарованың сөзінше, аталған сот процесінде полиция қызметкері куәгер ретінде қатысуда. Ал бұған дейін жәбірленуші тарап құқық қорғау өкілдеріне зорлаған күдіктілерді өздері ұстап алып келгенмен, жібере салғаны жөнінде бірнеше рет айтқан болатын. Осындай олқылықтың кесірінен зорлау фактісі болған көліктің ішіндегі дәйектерден де айырылып қалдық дейді. Себебі, полицейлер күдіктілерді жібере салғаннан кейін олар да ізін суытпай көлікті де жуып тастаған. Сонымен қатар Айман Умарова айыпталушылардың жақтастары журналистерге де дауыс көтергенін және Жібек Мусинова жайлы жағымсыз сөздер айтқанын жеткізді.

«Біз сотқа кірген кезде айыпталушылардың жақтастары журналистерге ұрсып жатыр екен. Жібек жайлы жағымсыз сөздер айтып жатыр», дейді.

Енді аталған іске байланысты сот процесі 25 қазанда  өтетін болды. Қазір Жібек Мусинованы зорлаған деген күдікпен  төрт азамат бірнеше бап бойынша айыпталып отыр.

ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 121-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен А.Ж.Бектұрсын, Н.Т.Елтай, ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, 120-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 121-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен А.А. Ермеков, Е.Н.Ермековке қатысты қылмыстық іс 4 қазан күні сотқа түсті. 

Айта кетейік, бұған дейін Жібек Мусинованың анасы әлеуметтік желі арқылы қызын бірнеше адам зорлап кеткендігі жөнінде хабарлап, халықтан араша түсуін сұраған еді. Қоғамның үлкен талқысына түскен қылмыстық істі облыстық ІІД  өз бақылауына алған болатын.

Соңғы жаңалықтар