Жібек Құламбаева Италиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Италиядағы Бари челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші франциялық Кароль Моннемен бірге ширек финалда испаниялық Марина Бассольс – бразилиялық Лаура Пигоссимен сынға түсті.

Қазақстандық-франциялық жұп 7:6 (7:2), 6:0 есебімен басым түсті. Бір сағат 19 минутқа созылған матчта олар 11 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Испаниялық-бразилиялық дуэт 1 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Ж.Құламбаева – К.Монне финалға шығу үшін грекиялық Валентини Грамматикопулу – франциялық Эликсан Лечемиямен таласады. Бұл жұп жарыстың 2-ракеткалары, словениялық Далила Якупович – ресейлік Ирина Хромачёвадан айласын асырды – 6:1, 6:4.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 129-ракеткасы Тимофей Скатов жекелей сында Севилья (Испания) челленджер додасында рейтингте 335-орында тұрған франциялық Валентин Ройеге жол берді – 3:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның миксте АҚШ ашық чемпионатының финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина алғаш рет WTA қорытынды турнирінде ойнайды.


Соңғы жаңалықтар