Жезқазғандықтар қала күнін атап өтуде

None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазғандықтар бүгін қала күнін атап өтіп жатыр. Мереке бірнеше күнге созылады. Мысты қалада спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазғанның тарихы тереңде жатыр. Мысты мекендегі жер қойнауының байлығы қола дәуірінен белгілі болған. Жезқазған аймағының аумағын орыс ғалымдары, саяхатшылары, тау-кен инженерлері мен геологтері, ал 1946 жылдан бастап академик Әлкей Марғұлан және оның шәкірттері зерттей бастаған. Жезқазғанның қалыптасу тарихында Қаныш Сәтпаевтың қалдырған ізі ерекше. Жезқазған қаласының пайда болуы осы тұлғаның арқасында болған. 1931 жылы Қаныш Сәтбаев Жезқазған кен орнының бас есебін жүргізіп, мұнда мол мыс қорының бар екендігін дәлелдеді.

Соғыстан кейінгі жылдары Жезқазғанда Кеңгір су қоймасының, ЖЭО, шахталар, карьерлер, байыту фабрикалары, тұрғын үйлер, мәдениет, білім беру мекемелерінің қарқынды құрылысы басталды. Бұл нысандардың құрылысын 1944 жылы ұйымдастырылған «Қазмедьстрой» тресі жүргізді.

Бүгін Жезқазғанға қала статусының берілгеніне 68 жыл толды. 54-ші жылы Үлкен Жезқазған жұмысшы кентіне қала мәртебесі берілген. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, қала 1997 жылға дейін облыс орталығы болды. Ширек ғасырдан кейін Жезқазған қайтадан басты қалаға айналды. Бұл жолы Ұлытау облысында.

«Бүгін біздің сүйікті қаламыздың күні. Сондықтан өз атымнан, өз отбасымның атынан қаламыздың барлық тұрғындарына, қонақтарына оның қайта құрылуы мен өркендеуіне атсалысқандары үшін алғыс айтқым келеді. Баршаңызға бақыт пен амандық тілеймін», - деді қала әкімі Қайрат Шайжанов.

Мереке Жезқазғанның жаңа әнұранын орындаудан басталды. Қала күнін мерекелеу қарсаңында бұл туынды мысты өлке туралы ән байқауында үздік атанды.

Бұл күні қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысатын түрлі сала шеберлері құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, Жезқазғанда алтын, лағыл, інжу үйлену тойларын тойлаған отбасылар сахнаға шығып, вальс биледі. Олардың бірі – 50 жылдан астам бірге өмір сүріп, 4 бала өсіріп, 10 немере, 2 шөбере тәрбиелеп отырған еңбек ардагерлері Садықовтардың отбасылық жұбы.

«Мен 48 жылы келгенде мұнда қала болған жоқ. 53-ші жылы қала салына бастады. 1954-ші жылы оған қала атағы берілді. Содан бері Жезқазған қаласы барған сайын ұлғайып келеді», - дейді Еңбек ардагері Ташман Садықов.

Мереке қарсаңында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жезқазғандықтар спорттың 20 түрі бойынша жарысқа қатысты.

Бұл күні қаладағы Алғашқы құрылысшылар алаңы нағыз ортағасырлық жәрмеңкеге айналды. ұлттық аспап, киім, зергерлік бұйымдар, қару – мұның бәрі шеберлердің қолынан шыққан. Жалпы алғанда 20 шатырда еліміздің әр өңірінен келген шеберлер өз туындыларын ұсынды.


Соңғы жаңалықтар