Жезқазғандықтар балаларға арналған спорттық мекеменің жекеге сатылуына наразылық білдіруде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Жезқазған қаласының тұрғындары балаларға арналған Спорттық-сауықтыру кешенінің жекеменшікке сатылуына қарсылық білдіруде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жезқазған қаласының 74-шағынауданында орналасқан «Спорттық-сауықтыру кешені» ЖШС-да жаттығып жүрген балалардың ата-аналары спорт залына жиналып, оның жекеменшікке өтуіне наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл балалар тегін жаттыға алатын қаладағы жалғыз нысан.

Facebook әлеуметтік желісінде Берік Жағыпаров есімді пайдаланушының жазуынша, жиналған ондаған адаммен кездесуге қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова келген.

«Ата-аналар бюджеттің қаржысына салынған және бүгінде 700 бала жаттығып жүрген спорттық нысан жекенің қолына неліктен сатылып жатқанын түсіне алмай дал. Оның жаңа иесі барлығын ақылы негізге ауыстырады. Балалар сонда қайда барады?», - деп жазды Б.Жағыпаров.

Бұған жауап берген әкім орынбасары қалада көптеген басқа да спорттық нысандар, түптеп келгенде, саябақтар барын айтады. Жергілікті шенеуніктің бұл жауабы жиналған жұрттың одан бетер ашуын тудырып, «қыстыгүні саябақта баланы жаттықтыру мүмкін еместігін» айтып шуласты.  

Кездесуден түсірілген бейнежазбада әкім орынбасары З.Ақылбекова спорттық нысанды күтіп ұстауға ай сайын бюджеттен 50 млн теңге жұмсалатынын жеткізді.

«2013 жылы Үкімет қаулысы шыққан кезде аталмыш спорттық мекеменің директоры оны жекеменшікке өткізуге болмайтындығын айтып-бақты, бірақ қорғап қала алмады. Ақырында нысан тізімге енді. Сол кезде біз Үкіметке де, облыс әкімдігіне де шығып, спорттық-сауықтыру кешенін және жалпы балаларға арналған мекемелерді жекешелендіруге болмайтынын айтқан едік. Оның үстіне, 2018-19 жылдарғы жоспарға балабақшалардың жекешелендірілуі енгізіліп отыр. Қазір олар бойынша да жұмыс істеп, балабақшаларды жекеге сатуға болмайтынын айтудамыз. Әйтпеген жағдайда, олардағы кезектер саны одан сайын арта түсетін болады», - деп атап өтті З.Ақылбекова.

Жергілікті атқару органы өкілінің сөзіне қарағанда, «Спорттық сауықтыру кешені» ЖШС-ны сату бойынша екі аукцион өткен. Нысан екеуінде де сатылмаған. Ал үшінші сауда-саттық мерзімі әлі белгіленбеген.

Айта кетейік, gosreestr.kz сайтындағы мәлімет бойынша, «Жезқазған қалалық Спорттық-сауықтыру кешені» ЖШС бойынша сауда-саттық 2016 жылдың 11 қарашасы мен 30 желтоқсанына белгіленген. Бірақ тендерге (конкурсқа) қатысушылардың саны екі адамнан аз болғандықтан олар өтпей қалған.  Спорттық нысан 61 633 000,00 теңгеге бағалануда (24.10.2016 ж. жағдай бойынша). Аукциондағы бастапқы баға - 30 816 500,00 теңге. Мекеме «Жезқазған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансында тұр. 

Тендер шарты бойынша нысанның жаңа иесі оның профильдік бағытын кем дегенде 10 жыл бойы сақтап тұруы керек. Сауда-саттыққа шет ел азаматтары да қатыса алады (заңды және жеке тұлғалар).

Соңғы жаңалықтар