Жезқазғандық шаруаларды 37 млн теңгеге алдап кеткен алаяқтар ұсталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтарды 37 млн теңгеге алдап кеткен алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Жезқазған қаласы полиция басқармасының тергеушілері алаяқтықтың фактісі бойынша 116 қылмыстық істі сотқа жолдады. 2020 жылдан бастап 2022 жыл аралығында Қарағанды облысының Жезқазған қаласының ПБ тергеу бөліміне 116 шаруа қожалығының иелері арызбен жүгінген. Олардың барлығы белгілі бір тұлғалардың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болған.

«Алаяқтар зардап шеккендердің әрқайсысына құны 2,5 млн теңге қарда жүретін көлік пен құны 300 мың теңге болатын киіз үйді тегін жеткізуді ұсынған. Бұл ретте қылмыскерлер шаруа қожалықтарына агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау қағидалары аясында шығындардың бір бөлігі өтеледі деп мәлімдеген. Ауыл тұрғындарының сенімін арттыру үшін олар кеңсе ашып, үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырған. Олардың келтірген шығын 37 млн теңгені құрады», - деп жазды аталған сайт.

Алаяқтардың үстінен ҚР ҚК 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 28-34 жас аралығындағы Нұр-Сұлтан қаласының үш тұрғынын ұстады. Олар Қарағанды облысының шаруа қожалықтарының иелеріне тиесілі қаражатты заңсыз иеленумен байланысты қылмыстық ниетпен ұйымдастырғандарын мойындады.

Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, дәлелдемелер базасы бекітілгеннен кейін қылмыстық іс сотқа қарауға жіберілді.


Соңғы жаңалықтар