Жезқазғанда жер асты су көздеріне көшу жоспарланып отыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында бөлім және басқарма басшыларымен бірлескен кеңес өткізді. Олар қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазғандықтар үшін анағұрлым маңызды мәселелердің бірі сумен қамтамасыз ету.

2017 жылдан бастап мұнда екінші және үшінші кезектегі жүйелерді қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, қаладағы барлық су құбыры жүйелерінің жартысынан астамы ретке келтіріледі, бұл олардың жалпы тозуын 70%-дан 30%-ға дейін азайтады.

Дегенмен, қала тұрғындарының үйлеріне берілетін судың сапасына қатысты мәселе ашық күйінде қалып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін өңір басшысы жер асты су көздеріне көшуді тапсырды.

«Бұл көшуді жүзеге асыру және республикалық бюджеттен қаржыландыруды сұрату үшін бізге резервуар мен сорғы станциясын салу қажет. Алдағы жылдары қаладағы ауыз судың сапасын жақсарту үшін осы мәселелермен тығыз айналысуды тапсырамын», - деді ол.

Облыс әкімі сондай-ақ қалада жолдар және жылумен қамтамасыз ету жүйесі белсенді жөндеуден өткізіліп жатқанын, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер салынатынын атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысының айтуынша, Жезқазғанда көші-қонның теріс сальдосы тоқтатылды.

«Бұған қарамастан, адамдардың қаладан көшіп кетуі себептеріне талдау жасап, олармен жұмыс істеу қажет. Бірінші кезекте, менің ойымша, бұл жұмыс орындары мен әлеуметтік кепілдіктер мәселесі», - деп атап өтті ол.

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімовтың айтуынша, қалада шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Жалпы көлемде кәсіпкерлерден бюджетке түсетін түсімдердің үлесі 37%-дан астам көрсеткішті құрайды. Қалада жалпы сомасы 13 млрд теңгеден астам 25 бизнес-жоба іске асырылуда, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясының жаңа зауытының құрылысы және құс фабрикасын құру жобасы мақұлданды. Жақын арада Жезқазғанда, арзан бағамен тауарлар сатылатын «Ұлы дала» он супермаркеттер желісі ашылады.

Қала әкімі сондай-ақ әлеуметтік қолдау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады. Биылғы жылы Жезқазғанда сегіз адам «Еңбек» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға шағын несие алды. Тағы 1140 жұмыссыз тұрақты жұмыс орнын тапты. Көп балалы отбасылардың 529 баласы қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие болды. Мектептерде 1200 оқушы ыстық тамақты тегін алады. 17 мектепте ұзартылған күннің тегін топтары ашылды.

Жезқазған қаласының дамуы мен абаттандырылуына қатысты да белсенді шаралар қолға алынуда. Биыл 15,6 км қалаішілік жолдар мен 8 ауланы жөндеу жоспарлануда. Сонымен қатар, қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.

Соңғы жаңалықтар