Жезқазғанда жалғыз ветеринария зертханасы жабылып, орнына дәмхана ашылған

Фото: None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – «Өңірде мал ауруларын анықтайтын мекеменің жоқтығы - облыстағы ірі қараның қырылуы бірден бір себеп» дейді жергілікті қоғам белсенділері. Ол аздай ғимаратта қоғамдық тамақтану орнының ашылуы елге қауіп төндіретініне иелері мән бермей отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлытау облысында мүйізді ірі қараның қырылуына Жезқазған өңірінде ветеринарлық зертхананың жоқтығы мен мал дәрігерлерінің тапшылығы бірден бір себеп, дейді жергілікті халық.

Салдарынан ауырған малға дер кезінде диагноз қойылмай, уақытылы ем-дом тағайындалмайды.

Жыл басында Жезқазғандағы жалғыз ауданаралық ветеринарлық зертхана жабылған.

«Осы лаборатория міне, бүкіл құжаттары приборлардың бәрі орнында тұр. Жері, төбесі, желдеткіші бәрі тамаша. Үкіметтің уақытында мемлекеттік стандартпен салған ғимараты. Бұл мекеме 2022 жылдың қаңтарына дейін жұмыс істеп тұрды. Үш қалаға, ауданға қызмет көрсетті. Осы шенеуніктердің арқасында бір сыбайлас жемқорлықтың арқасында жергілікті СЭС бар, барлығы шикілік жасап, дәмхана ашады. 2014 жылы сатып алады 2 млн теңгеге, 2016 жылы Золыгин деген СЭС бастығы кафе ашуға рұқсат берді», - дейді «Ұлытау» ауылшаруашылығын қолдау және дамыту қауымдастығының төрағасы Абзалбек Молақов.

Ауданаралық зертхана ғимараты қаңырап тұр деп айтуға келмейді. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

Зертхана осыдан 8 ай бұрын жабылған. Мекемеде жұмыс істеген 20-дан астам адамның жартысынан көбі қазір жұмыссыз отыр.

Ал, Жезқазған аймағы ветеринарлық зертханасыз қалды.

«Лабораторияның өз статусы бар. 2-4 патогенный реактивпен, жануарлармен жұмыс істейді. Бұның маңайында ешқандай ғимараттар салмақ түгіл, адамдар жүруге болмайды. Тыйым салынады. Ал, біздің СЭС, шенеуніктер осы ғимараттың ішінде кафе ашып қойған. Бұған не айтасыздар?», - деп налиды Абзалбек Молақов.

Бұл мәселеде шикілік көп. Анықталғандай, 2014 жылы түсініксіз жолмен ветеринарлық зертхана орналасқан ғимараттың бір бөлігі аукционда сатылып кетеді.

Жалпы аумағы 900 шаршы метрге жуық жарты ғимарат пен көлік қоятын гараждар небәрі 2 млн теңгеге бағаланған.

Араға 2 жыл салып, ғимаратты сатып алған кәсіпкер Жезқазған қалалық тұтынушылар құқығын қорғау бойынша қауымдастықтың рұқсатымен түнгі клуб ашады.

Мұның өзі - өрескел заңбұзушылық. Себебі санитарлық талаптарға сай, қауіпті індеттермен жұмыс істейтін зертхана маңайында қоғамдық тамақтану орны болмауы шарт.

Фермер Абзалбек Молақов бастаған бір топ белсендінің жаға ұстатар мәселеге шағымданып, бармаған жері қалмапты. Үкіметке дейін жеткізген.

Алайда, әділдік іздеген азаматтар әділетсіздікке тап болады. «Дәмханамен көрші отырсыңдар» деп, санитарлық эпидемиологиялық қызмет бірнеше мәрте айыппұл салған.

Салдарынан республикалық ветеринарлық зертхана өткен жылы Жезқазғандағы бөлімшесін жабу туралы шешім шығарады.

«Сіздің ғимаратта кафе бар дейді. Ол кафені алдымен өздері ашуға рұқсат береді. Сосын олай болмауы керек деп ұсыным береді. Берген өзі санэпидстанса ғой, солай емес пе? Бұл ветлабораторияға 30-40 жыл болған. Бір коммерсант кеп кафе ашады, сол үшін лаборатория жабылады», - дейді фермер.

Ұлытау облысының жаңадан тағайындалған басқарма басшылары мәселемен жақсы таныс. Алайда, қолдан келер шара жоқ дейді.

«Ол мәселені біз шешпейміз. Біздің баланста емес. Ол кезде агроөнеркәсіп кешені деген мекеме болатын. Әлі де бар. Соған қарасты ғимарат. Сол кісілер сатып жіберді. Оны қалай сатқаны, неге сатқанынан хабарымыз жоқ», - дейді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының облыс бойынша аумақтық инспекциясы басшысының м.а. Төлеген Рысбеков.

Бұл мәселені Жезқазған халқы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Оның әділ шешімін талап етуде.

«Білесіздер, кезінде заңсыз сатып жіберген ветеринарлық лабораторияның бір бөлігін. Енді ол жоғары бағалап, керемет құнын сұрап отыр. 170 миллион дейді. Біз сол зертхананы аламыз деп ойлағамыз. Заң бойынша бір ғимаратта мал аурулары жиналған жерде басқа мекеме болмау керек. Ал, ол жерде дәмхана мен караоке ашып қойған. Ол жерде бүкіл малдың аурулары қабырғаның ар жағында. Бұл мәселенің шешу жолдарын іздеуге тапсырма бердім қала әкіміне, облыс әкімдігіне. 170 миллионға біз оны сатып ала алмаймыз. Бұл ақшаға біз басқа жерден ғимарат соғып аламыз. Дегенмен шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», - деп түсіндірді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.


Соңғы жаңалықтар