Жезқазғанда заманауи, модульді жұқпалы аурулар госпиталі салынды

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Жезқазғанда екі ай ішінде 200 төсектік жаңа модульді жұқпалы аурулар госпиталі салынды.

Ғимаратта құрылысшылардан кейін палаталарды ретке келтіру жұмыстары қалды. Қазіргі таңда госпиталь аумағы абаттандырылып жатыр. Аурухананы қазан айының соңында тапсыру жоспарланған, деп хабарлайлы ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған өңіріне жұмыс сапары барысында жаңа госпитальді аралап көрді.

«Ешқандай проблема жоқ. Белгіленген мерзім сай жұмыс істеп жатырмыз. 15 қазанға дейін негізгі бөлігін аяқтап, іске қосуды жоспарлап отырмыз. Барлық блоктарды аяқтаймыз, кереуеттерді қойдық», - деп баяндады құрылыс компаниясының өкілі Әсет Ибраев.

Аурухана инфекциялық бақылаудың барлық стандарттарына сәйкес келеді. Ол диагностика мен емдеуге арналған жаңа медициналық жабдықтармен: компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газ жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, ӨЖЖ және тағы басқа құрылғылармен жабдықталады.

Емдеу бокстарының бөлек кіреберістері болады. Әр боксты максималды оқшаулау шарасы қарастырылған. Онда арнайы чиптердің көмегімен ғана кіреді.

Ауруханада жоғары қауіпсіздік класы бар «ақылды» желдету жүйесі орнатылған. Палаталардаңы әрбір кереуетте медбикені шақыру түймесі бар.

Жеңіс Қасымбекті кадр мәселесі қызықтырды, дәлірек айтар болсақ, әкім жаңа госпитальда кімдер жұмыс істейтінін сұрады.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, мамандар саны бойынша есеп жүргізілген. 204 қызметкер қажет, оның ішінде 50 дәрігер, 82 орта медициналық персонал. Модульдік жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирус инфекциясының алғашқы толқынында жұмыс істеген жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Емдеу мекемесінің жұмысын күшейту үшін Қарағандыдан 23 дәрігер жіберу жоспарлануда.

«Жаз мезгілінде коронавирусқа қатысты жағдай Жезқазған аймағы үшін оңай болған жоқ, сондықтан қазір мұнда ерекше назар аударылуда. 200 төсектік заманауи модульді аурухана ашылады. Қосымша екі компьютерлік томограф, рентген аппараттары, жедел жәрдем машиналары жеткізіледі», - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Жезқазғанда жас мамандарға 22 пәтер беріледі. Өңірде денсаулық сақтау басқармасының аймақтық өкілдігі құрылды.


Соңғы жаңалықтар