Жезқазғанда үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ

Фото: None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазғанда биыл темір мыс концентраттарын өңдейтін гидрометаллургиялық зауытты іске қосу көзделіп отыр. Өнеркәсіптік реагенттер өндірісі бойынша химиялық зауыт құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, биоэлектростанция салу жұмыстары басталады. Жоба бойынша ҚТҚ, қоқыс жинау, оларды тасымалдау, қайта өңдеу және толық кәдеге жарату көзделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен онлайн-брифингте қаланың даму жоспарлары туралы айтып берді.

«2022 жылы алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. 224 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, ал тұрғын үйге кезек 9,3%-ға қысқартылатын болады. Жалпы қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған «Қаланың бірыңғай сәулеттік стилін – дизайн кодын әзірлеу« жаңа жобасын іске асыру басталады», – деді Қайрат Әбсаттаров.

Биыл перзентханаға және көпсалалы аурухананың қасбетіне күрделі жөндеу жүргізу, аумақты, сондай-ақ балалар үйін абаттандыру жоспарлануда. 45 төсектік онкологиялық орталық ашылады.

Қала әкімдігі тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын қабылдады. 2025 жылға дейін 137 апатты және ескі үйлер қоныс аударуға жатқызылады. 2022 жылдың жоспарына 21 үй кіреді.

Қоғамдық көлікке ерекше назар аударылатын болады. Автобус паркін жаңарту жоспарлануда. Қаладағы аялдамаларда тегін Wi-Fi орнатылады, бұл электрондық билеттерді енгізуді жеңілдетеді.

Қайрат Әбсаттаровтың айтуынша, осы жылдың мамыр айында Есқұла су құбырының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, ұзындығы 56 км Үйтас-Айдос су құбырын күрделі жөндеу басталады.


Соңғы жаңалықтар