Жезқазғанда нан бағасы арзандайды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Жезқазған қаласында жаңа нан зауыты іске қосылды. Заманауи зауыт Жезқазған, Сәтбаев қалаларын, Қаражал, Жәйрем және Ұлытау аудандарын қамтитын болады. Қуаты  - тәулігіне 35 тонна нан-тоқаш өнімдері. Бұл нанның бүгінгі бағасын төмендетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зауытты түгелімен жаңадан салдық. Бұл іске көптеген отандық компаниялар да ат салысты. Наубайхананың шикізат базасының 100 пайызы - қазақстандық өнімдер. Қазір нан-тоқаш өнімдерінің 19 атауын пісіре бастадық, келешекте оны 50-ге жеткізу мақсатын қойдық», - деді нан зауытының құрылтайшысы Ерлан Нығматулин.

Нан зауыты - «Ulytay Nan» ЖШС-ның құрылысы 2017 жылдың тамыз айында басталған. Құрылыстың жалпы уақыты, монтаждау және жөндеу жұмыстары 8 жарым айға созылды. Жобаға 2 миллиард теңге көлемінде қаржы құйылды. Кәсіпорынның жалпы аумағы 2640 шаршы метрді құрайды.

Барлық процесс механикаландырылған, ал пісірілу барысын арнайы автоматика бақылайды.

«Ұлытау нан зауыты Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің заманауи энергиятиімді жабдықтарымен қамтылған. Италия, Франция, Словакия мен Словениядан жоғары технологиялы құрылғылар сатып алынды.

Қазіргі таңда кәсіпорында 225 жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Сондай-ақ, зауыттың құрылтайшысы нанның бағасының сапасына сай болуын көздейтінін атап өтті.

«Біз Жезқазған дүкендеріндегі нанның орташа бағасын салыстырып көрдік, 105 теңгені құрайды. Ал біздің нан өз дүкендеріне 75 теңгеден, ал өзге сатып алушыларға 70 теңгеден жеткізілетін болады. Мақсатымыз - халыққа тиімді бағаға сай сапалы өнім шығару», - деді Е.Нығматуллинн.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар