Жезқазғанда құзырет орталығы ашылды

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - «Жас маман» республикалық жобасы аясында Жезқазған жоғары политехникалық колледжінде құзырет орталығы ашылды. Студенттерді оқыту үшін ескірген жабдықтардың орнына халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа жабдықтар келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық болашақ мамандарды екі бағытта – «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» және «Техникалық жабдықтар мен жылумен жабдықтау жүйелері» бойынша дайындауға көмектеседі.

Бұл - бүгінгі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың бірі.

«202 миллион теңгеге уақыт талабына сай келетін орталық үшін ең қажеттінің бәрі сатып алынды. Біз бес шеберхананы, үш оқу зертханасын және екі кабинет аштық. Орталықтың бірнеше мақсаты бар. Олардың қатарында колледжді коммерцияландыру, сондай-ақ біздің студенттердің оқу тәжірибесі кезінде өнім шығаруы бар. Орталықтың көмегімен түлектер бәсекеге қабілетті мамандарға айналады. Тағы бір маңызды құрамдас бөлік: орталық біздің оқушыларымызға Worldskills халықаралық жұмысшы мамандықтар байқауында лайықты өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл - жаттығу лагері», – деді колледж директоры Аман Бота.

Сондай-ақ, орталықта оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі.

Колледж қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарын және жұмысшы мамандықтарының адамдарына арналған қысқамерзімді курсты өткізе алады.

Жезқазған жоғары политехникалық колледжі 1953 жылы құрылыс техникумы базасында ашылды.

Бүгінде мұнда 11 бағыт бойынша мамандар оқытылуда. 2020 жылы «Газбен жабдықтау жүйелерінің жабдықтарын монтаждау және пайдалану» мамандығы пайда болды.

Биыл «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» бағыттары бойынша қолданбалы бакалавриат енгізілді.


Соңғы жаңалықтар