Жезқазғанда істен шыққан екі қазандықтың бірі іске қосылды

None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Жезқазған қаласының басшылығы істен шыққан екі қазандықтың біреуі түнде іске қосылғанын хабарлады. Қазіргі таңда жылу-электр орталығында 4 қазандық пен 3 турбоагрегат жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жезқазған қаласы әкімінің мәлімдеуінше, түнгі 03.54-те 6-шы турбогенератор, ал таңғы 04.30-да қазандық агрегаты іске қосылған.

Қазір Жезқазғандағы үйлер мен әлеуметтік нысандар 4 қазандық арқылы жылытылып отыр.

«Қазіргі уақытта 4 қазандық (No6,7,9,11), сонымен қатар 3 турбоагрегат (6,7,8) жұмыс істеп тұр. ЖЭО-дан жылу бекітілген температуралық кестеге сәйкес шығарылады. ЖЭО штаттық режимге кірді», - деп мәлім етті әкімдік.

Бүгін синоптиктердің болжамынша Жезқазғанда ауа температурасы -8 градусқа дейін төмендейді.

Тұрғындардың айтуынша, пәтерлер енді ғана жыли бастады.

Еске сала кетейік, кеше Жезқазған ЖЭО екі қазандығы істен шығып, пәтерлердегі температура нормадан 9 градусқа төмендеп, небәрі 13 градусты құраған.


Соңғы жаңалықтар