Жезқазғанда «Білеуті» этноауылы туристерге есігін ашты

None
None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Жезқазғанда қазақтың жоңғарлармен болған ең әйгілі шайқастарының бірінің жанында «Білеуті» этноауылының ашылуы өтті. Бұл «Көбес-Өтеу» қоғамдық бірлестігі мен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының бірлескен жобасы. Оның негізгі бағыты – қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын насихаттау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның бастамашысы – «Көбес-Өтеу» ҚБ басшысы және жергілікті мұражайдың бас суретшісі Кешубай Байділдин.

«Екі жылдан артық мен бұл идеяны жүзеге асыруды ойластырдым. Басты мақсат – ұлттық құндылықтарды, дәстүрлер мен қолөнерді жаңғырту. Біздің бірлестік қайырымдылық және волонтерлік қызметпен айналысады. Бізге жастарды тарту, оларда өз ұлтына, жеріне және тарихына деген сүйіспеншілікті ояту, оларға ұлттық құндылықтарды сіңіру маңызды. Қазір барлық жастар телефондарда, өмірді тек экран арқылы көреді», – дейді ол.

Кешубай Байділдин болашаққа сеніммен қарау үшін өзінің өткенін, тамырын білу керек деп есептейді. Этноауыл қазақтардың көшпелі өмірі кезеңіне аяқ басуға, сол заманның тұрмысы мен мәдениетін көруге мүмкіндік береді.

Барлық карантин талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылған салтанатты ашылу кезінде этнографиялық экспонаттардың көрмелері өтті.

«Ши тоқу», «Киіз басу», «Құрақ көрпе жасау», «Бауырсақ пісіру», «Құрт жаю» сияқты қолөнер және аспаздық шеберлік сабақтары өтті.

Барлық тілек білдірушілер қасиетті ағашқа «Ақтық байлау» рәсімін жасады. «Бұланты шайқасы» тақырыбына экскурсия өткізілді.

Этноауыл аумағында ұлттық ойындар алаңына орын бөлінген. Мұнда асық ату, садақ ату, арқан тарту, алтыбақан, қаппен секіру ойындарын ойнауға болады.

«Біздің мұражай ұжымы Кешубай Байділдиннің идеясын қуана қолдады. Этноауылда қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту бойынша көрмелер, шеберлік сабақтары, ұлттық тағамдардан дәм тату және салт-дәстүрді дәріптейтін ұлттық ойындар өтеді», – дейді Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры Раушан Қапарова.

«Білеуті» этноауылы жаздың соңына дейін жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар оны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар