Жезқазған тұрғыны СҚО полиция архивінен атылған атасы туралы деректерді тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облыстық полиция архивінен Жезқазған қаласының тұрғыны Шолпан Исатаева қуғын-сүргінге ұшыраған атасы жайында құжаттарды, атасының жазбаларын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомствоның Арнайы мемлекеттік архивінде кез келген адам отбасы тарихын қалпына келтіре алады. Жезқазған қаласының тұрғыны Шолпан Исатаеваның атасы 1938 жылы «халық жауы» атанып, кейін атылған екен. Солтүстікқазақстандық Ғаббас Исатаев тағдырының анық-қанығына жетпекші болған немересі 9 жыл бойы архивтерді қопарған.

Шолпан Исатаеваның әкесі Әбіш Ғаббасұлы 17 жасында майданға аттанып бара жатып соғыстан оралмайтынын айтқан, себебі оған «халық жауының баласы» атағымен өмір сүру қиын болған. Үш рет ауыр жарақат алса да, өлім аузынан аман қалды. Немересінің айтуынша, әкесіне тағылған әділетсіз айыптың кесірінен Әбіштің ұрыстағы ерлігі, жұмыстағы жетістіктері тиісті бағаланбады.

Шолпан Әбішқызы атасының есімін ақтап алмақшы. Жезқазған қаласында атасының тағдыры туралы ешқандай мәлімет таба алмағандықтан, СҚО полициясына жүгініп, қажетті ақпаратқа қол жеткізді.

Шолпан Әбішқызы алғаш рет атасының жазуын көрді. 1938 жылы 3 ақпанда қозғалып, тоғыз күннен кейін жабылған қылмыстық іс материалында Ғаббас Исатаев жазған бірнеше бет бар. Ауыл мұғалімі, партияның мүшесі болған оның тағдырына шыққан тегі кері әсер етті, ол - байлардың ұрпағы еді.

«Атамды үш адаммен бірге атыпты, - деді Шолпан Исатаева. - Ендігі арманым - атылған жерін тауып, дұға оқу. Сонда жаным тынышталады....».

«Анықтамалардың және құжаттардың көшірмелерін беру - архив көрсететін қызмет, - дейді СҚО ПД Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы Самал Құсайынова. - Тек туыс екенін растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электронды түрде жүгіну мүмкіндігі де қарастырылған».

Соңғы жаңалықтар