Жезқазған мен Сәтбаевта тарифтер төмендетілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -  «Казэнергоцентр» ЖШС 2018 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Жезқазған және Сәтбаевта энергиямен қамту қызметінің тарифін төмендетті. Ол жайлы аймақ басшысына Жезқазған әкімі Қайрат Бегімов қала активі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты.

Тұрғындар үшін тариф 4,4%-ға төмендеді. Ал заңды тұлғалар үшін - 3%-ға. 

Қала бойынша жалпы үнемдеу айына шамамен 3,7-4,2 млн теңгені құрайды. Жылына - 47 млн теңгеге жуық. 
Өзгерістер ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес жүргізілді. Бұл құжат қуат өндіруші компаниялардың шекті тарифтік деңгейлерін бекітті. 
Тарифтердің төмендеуі шағын және орта бизнес үшін де оң ықпалын тигізеді, деп санайды қала басшылығы. Кәсіпкерлікті дамыту, өз кезегінде, аймаққа тартылатын инвестициялар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері мұнда сауда және қызмет көрсету саласында жаңа 28 бизнес нысандары пайда болды. Ол жаңадан 106 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Инвестициялардың жалпы сомасы 748 млн теңгені құрады. 
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2018 жылы жалпы сомасы 500 млн теңгеден асатын 16 жоба жүзеге асырылған. 
Сондай-ақ «2017-2021 жылдарға нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 243 адам жаңа мамандықтарды меңгерді. 3084 жұмыссыздар жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне 236 адам жіберілді. Ақысы төленетін қоғамдық жұмыстарға 580 адам қатысты. Жалпы сомасы 85 млн теңгені құраған 16 шағын несие берілді. Осылайша, аймақта жұмыссыздар саны 20% төмендеді.

Ерлан Қошанов Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдеріне аймақты дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.  

Соңғы жаңалықтар