Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету және оны үздіксіз тарату жұмыстары басталды. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Сәтбаев қаласына жұмыс сапары барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Билік өкілдері көптен күткен Есқұла су таратқышының құрылысы жобасын іске асыруға кіріспек. Олар жұмысты бір ай аралығында бастаймыз деп уәде берді.

«Биылғы жылы сіздер осы жобаны аяқтауларыңыз керек. Бұл өте маңызды мәселе. Қаржыландыру толық көлемде бар. Сондықтан да созып алмай, тездетіңіздер», - деді Жеңіс Қасымбек республикалық «Қаз су шаруашылығы» ұйымының бас директоры Алтай Елжасовқа.

Естеріңізге сала кетейік, Есқұла су таратқышы Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, қаражаттың жетіспеуінен жұмыстар ұзақ уақытқа созылып кетті. Биылғы жылы Үкіметтің қолдауымен және «Қазақмыстың» белсенді қатысуымен қаржы мәселесі шешілді. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына енгізілді.

«Біз ҚР-да ауылдық елді мекендер мен моноқалаларды ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысамыз. Сәтбаев-Жезқазған аймағы Есқұла кен орнынан су алады. Есқұла су таратқышын қайта құру жобасы үш кезеңнен тұрады. Оны жүзеге асыру Сәтбаев пен Жезқазғанды сумен толық қамтамасыз етеді. Біздің алдымызда осы жылы жобаның барлық үш кезеңін аяқтау міндеті тұр», - деді Алтай Елжасов.

Сонымен қатар жер асты көздерінен берілетін судың сапасын жақсарту үшін «Қожамсейіт кен орнын іске қосуды ескере отырып, Үйтас-Айдос су таратқышын қайта қалпына келтіру» жобасының ЖСҚ әзірлеу жұмыстары басталды. Бұдан басқа, Жезқазған қаласының тұрғындарына үздіксіз су беру үшін «Қазақмыс» Кеңгір су қоймасынан жалпы ұзындығы 1000 м резервтік суағар құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде.

Су мәселелерін шешумен қатар, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жаңа кәріз-тазарту құрылыстарының дайындық жұмыстары басталды.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы Сәтбаев маңындағы кенттерден жаңа шағынауданға қоныс аударушыларға арналған үйлердің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, құрылысы 1990 жылы басталған 60 пәтерлік үйді де қарап шықты. Бүгінгі күні оның құрылысы аяқталды. Бұл үйде жиһазы бар 15 пәтерді «Қазақмыс» корпорациясы «көп балалы отбасылар» санатына жататын қызметкерлері үшін сатып алды.

Сәтбаев қаласының әкімдігі тұрғын үй алу кезегінде тұрған көп балалы отбасылар үшін бұл жерде 22 үш бөлмелі пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ 320 орындық үш қабатты балабақшаның құрылыс алаңында болды. Оның құрылысы Жұмыспен қамту жол картасы аясында жүргізілуде. Қазіргі уақытта іргетас блоктарын, жабын плиталарын монтаждау, қабырғаларды қалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сәтбаев қаласында ЖҚЖК аясында ТКШ, білім беру, құрылыс, денсаулық сақтау салаларында барлығы 18 жоба жүзеге асырылуда. Үш балабақшада, төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Аурухананы күрделі жөндеу жоспарланған. Жолдар қалыпқа келтіріле бастады. Барлық жобалар бойынша 800-ге жуық адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар