Жезқазған қаласының 65 жылдығына орай 65 игі іс атқарылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚАЗАҚПАРАТ - Қаланың 65 жылдығына орай Жезқазғанда «65 игі іс» жоспары құрылды. Бұл жайлы қала әкімі Қайрат Бегімов халық алдындағы есептік кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында биыл Жезқазған қаласының 65 жылдығы атап өтіледі. Қала Кеңгір кентінің орнында пайда болған. Кейін атауын Жезқазған деп өзгерткен. 1954 жылы 20 желтоқсанда ол қала статусын алған. Сол уақыттан бері желтоқсанның 20-сыншы жұлдызы шаһардың туған күні ретінде белгіленген.

«Осы жылы біз қыруар жұмыс атқаруымыз керек. Себебі бұл жыл қоғамдық-саяси, тарихи мәні бар оқиғаларға толы. Ол - «Жастар жылы» және Жезқазғанның 65 жылдық мерейтойы, - деді қала басшысы. - Бұл өзіміздің жетістіктерімізді көрсетуге және туған өлкеміздің дамуына күшімізді шоғырландыруға жол ашатын мүмкіндік».

Қала әкімі «65 игі іс» жоспарына енгізілген анағұрлым маңызды жобаларды атап өтті. Ол - жаңа көпқабатты үйдің құрылысы, кеңес беру-диагностикалық орталықтың ашылуы, Ғарышкерлер гүлзарын, «Жастар» саябағын, Қ.Сәтпаев атындағы алаңды қайта қалыпқа келтіру және т.б. Алдағы уақытта жаңа бизнес нысандары да ашылады деп жоспарлануда.

2019 жылы Жезқазғанда 900 орынға шақталған жаңа мектеп салынады. Жоба құны - 1,9 млрд теңге.

Әкімнің айтуынша, қаланың екі мектебінде биылғы жылы ІТ-кабинеттер жабдықталады. Алты мектепте құрылғылар мен асханалардағы жиһаздар жаңартылып, спорт жабдықтары сатып алынбақ.

Жақын арада қалада жаңа спорт нысандары - 320 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, еспе спорт түріне арналған кешен пайда болады. Олардың құрылысы осы жылы басталады.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бизнесмендер жалпы сомасы 5 млрд теңгеге жобаларды жүзеге асырады»,- деп мәлімдеді Қайрат Бегімов.

Сонымен қатар Таэквондо орталығы ашылады деп жоспарлануда. Екі ірі жоба көшелерді жарықтандыру және көгалдандыруды қамтиды.

Қалада сонымен қатар жаңа супермаркет пайда болады. Онда кәсіпкерлер әлеуметтік бағалар қоюға уәде беріп отыр.

Жезқазғандықтар «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің құрылысына үлкен үміт артып отыр. Ауқымды жоба Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.

«Газ құбырын тарту шалғайдағы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді және аймағымыздың дамуына оң әсерін тигізері хақ», - деді Жазқазған қаласының әкімі.

Соңғы жаңалықтар