Жезқазған қаласында бүтін бір шағынаудан 4 күн ауызсусыз қалды

None
ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Жезқазған қаласында бүтін бір шағынаудан бірнеше күннен бері ауызсусыз отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теміржол вокзалы шағынауданының тұрғыны Рамиля Нұрисламованың айтуынша, ауызсудың берілуі тоқтағанына бүгін төртінші күн. Оның үстіне, халық жөндеу жұмыстары не басқасы жөнінде алдын ала ескертілмеген.

«Мұндағы үйлердің дені – жер үйлер. Ауызсумен бірге бақшаға берілетін су да тоқтады. Алдын ала хабардар етілмегендіктен, халық су қорын жинап үлгермеді. Және бұл бірінші жағдай емес. Еш ескертілместен судың берілуі 19 шілде күні де тоқтатылған болатын», - деді ол агенттік тілшісіне.

Жезқазған қаласының әкімдігінен осы уақытта берілген жауапқа сәйкес, тіршілік нәрі бүгін берілуі тиіс. Сондай-ақ жергілікті билік жағдайдың мән-жайын және халықтың күні бұрын неліктен ескертілмегенін түсіндірді.

«Теміржол вокзалы ауданындағы Иманжанов, Шолохов, Щорс, Майкотов, Шинтуринов көшелерінде ауызсудың жуық арадағы күндерде болмауы Майкотов көшесінде диаметрі 250 мм магистральды су құбырының гидравликалық соққы салдарынан жарылуынан орын алды. Қазіргі таңда мердігер - «СЕРВИС НС» ЖШС тарапынан қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу уақыты – ағымдағы жылдың 31 шілдесі, яғни – бүгін.

Мердігердің мәліметті уақытылы әкімдікке жеткізбеуі салдарынан тұрғындарды ақпараттандыру жағынан кемшілік жіберілгенін мойындаймыз және тұрғындардан уақытша келтірілген жайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Мәлім етілгендей, Жезқазған қаласындағы ауызсу құбырларының 70 пайызының тозуына байланысты, сондай-ақ желілердегі су шығынын төмендету, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, 2012 жылы су құбырларын қайта құрылымдау жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Екі жылдан кейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, тағы үш жылдан соң мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт негізінде жұмыстарды атқару міндеті «СЕРВИС НС» ЖШС мердігер компаниясына жүктелген. Аталмыш компания екі жылдан бері құбырларды жаңарту жұмысымен айналысуда.

«Жалпы, жобаның іске асыру мерзімі 2017-2020 жылдарға жоспарланған», - деді қала әкімдігінен.

Соңғы жаңалықтар