Жезқазған ІІБ басшылығы шетелдіктен 10 бөтелке коньяк талап еткен

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазған Ішкі істер басқармасы көші-қон қызметінің бөлім бастығы және Жезқазған ІІБ бастығының орынбасары шетелдік азаматтан пара алғаны үшін әрқайсысы 7 миллион теңгеден айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Соттың анықтауынша, көші-қон қызметінің бөлім бастығы құрылыста жұмыс істеуге келген Өзбекстанның он үш азаматын, сондай-ақ оларды қабылдап алатын тарапты жүзбе-жүз көрместен, шетелдіктерді «ТМД азаматтарын тіркеу журналына» тіркеген. Оның үстіне, қабылдап алатын тарап жалған болып шыққан. Кейін анықталғандай, олар қабылдаушы тарап болып табылмайды әрі құрылыс мәселелеріне еш қатысы жоқ.

Тергеу барысында Жезқазған ІІБ бастығының орынбасарына қатысты тағы бір эпизод әшкере болды. Ол шетел азаматынан елде болуға рұқсатты рәсімдеу үшін 100 000 теңге мен Қазақстанда шығарылған 10 бөтелке коньяк талап еткен. Шетелдік азамат 100 000 теңгені Жезқазған ІІБ ғимаратында делдал - көші-қон қызметінің бөлім бастығына жеке тапсырған. Ал 10 бөтелке коньякты дүкеннен таппаған соң, тағы 100 000 теңгені делдал - қатардағы полиция инспекторына берген. Қатардағы қызметкер басшылықтың  тапсырмасымен дүкеннен 40 000 теңгеге 4 бөтелке коньяк сатып алып, бастықтарына алып барған. Сол жерде оларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері ұстады.

Жезқазған қалалық сотының судьясы Гүлсара Байгенжинова айыпталушыларды ҚК 366-бабының («Пара алу») 3-бөлігі, ҚК 361-бабының («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») 2-бөлігі және ҚК 394-бабының («Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») 2-бөлігі бойынша айыпты деп таныды.

Олардың әрқайсысына 7 миллион теңгеден айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ сотталушылар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан, полиция полковнигі және полиция капитаны шендерінен айырылды.

Соңғы жаңалықтар