ҚАРАҒАНДЫ. 3 шілде. ҚазАқпарат - Еңбек ардагері, Жезқазғанның құрметті азаматы Батырбек Мырзабеков Жезқазған-Бейнеу теміржол құрылысын ғасырдың орасан зор жобасы деп атады.
Естеріңізге сала кетейік, жобаға бастама бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустриялдық форум кезінде берілді.
«Жезқазған-Бейнеу» теміржол магистралі - ғасырдың орасан зор жобасы! Жалпы ұзындығы 1000 шақырым мұндай теміржол бұрынғы Кеңес Одағы кезінде де салынбаған. Бұл - ата-бабаларымыз армандап кеткен ел тәуелсіздігінің символы, Сіздің дана саясатыңыздың нәтижесі», - деді Б.Мырзабеков Мемлекет басшысына арнаған сөзінде.
Еңбек ардагері Президентке жезқазғандық барлық тұрғындарының атынан алғыс білдірді. «Еліміздің болашағы тамаша болатынына сеніміміз мол», - деп мәлімдеді Жезқазғанның құрметті азаматы.
Бұрын хабарланғандай, Елбасы бұл жобаны «ұлы құрылыс» деп атады.
«Жезқазған-Бейнеу» жолының мақсаты - тауар экспортын еуропалық бағытта және Парсы шығанағы жағына шығару. Жолдың арқасында жылына 21,3 млн. тонна тауар өткізуге болады деп қарастырылуда. Оның ұзақтығы - 988 шақырым.
Қарағанды облыстық әкімдігінің ақпаратынша, «Жезқазған-Бейнеу» жобасының бірінші кезеңіне «Жезқазған-Сексеуіл» учаскесінденгі темір жолдың құрылысы кіреді. Оның жалпы ұзақтығы 517 шақырымды құрайды, соның ішінде 374 шақырымы Қарағанды облысы бойынша өтеді.