2009 жылғы 23 қараша 15:08

Жеткізілмеген өнім үшін 1,3 миллионға жуық теңгені заңсыз төлеген кәсіптік лицей басшысына айыппұл салынды

ОРАЛ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Орал қаласындағы А.Иманов атындағы №12 кәсіптік лицей директоры міндетін атқарған Нұрлан Дүйсекеновтің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азамат мемлекеттік сатып алу жөніндегі ашық байқаудың жеңімпазы болып танылған «Арыстанов А.Ж.» шаруа қожалығымен 4,43 млн. теңгеге 10 мың килә сиыр етін әкелуге келісімшарт жасасады. Кейін құны 1297990 теңге тұратын 2930 килә еттің жеткізілмегенін біле тұра қаржыны аударып жібереді. Сөйтіп мемлекетке осыншама көлемде залал келтірген.

Орал қалалық соты қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін ҚР ҚК 307-бабы 1-бөліміне сәйкес Н.Дүйсекеновке 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT