Жетісудың киелі жерлерін зерттеуге аттанған экспедиция алғашқы сапарын аяқтады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу  өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру негізінде бастау алған тарихи экспедицияның алғашқы кезеңі аяқталды. Зерттеу тобы 1500 шақырымды жүріп өтіп,  «Шыңғыс ханның шатыры», «Найзатапқан», «Қарауылтөбе» сынды 15-ке жуық тарихи орында болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның  басты мақсаты - облыстағы тарихи мекендерді өскелең ұрпаққа дәріптеп, рухани құндылықтарды насихаттау.

«Әр өлкенің тарихы мен өзіндік ерекшеліктері бар. Оны білу әр тұрғынның міндеті. Осы орайда, экспедицияға шыққан топ әр ауданның жастарымен, ақсақалдарымен кездесу өткізді. Онда тарихи деректер мен тың мағлұматтар айтылды», - деді І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.

«Рухы бекем, киелі мекен - Жетісу» экспедициясын ұйымдастыру екі кезең бойынша жоспарланған. Алғашқысы аяқталды, келесі  кезеңі алдағы уақытта  ұйымдастырылмақ. Соңынан қатысушылар жиналған мәліметтер бойынша, 2 томдық жинақ шығаруды көздеп отыр.

Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын Ілияс  Жансүгіров атындағы ЖМУ қызметкерлері мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері автошерумен облыстағы тарихи орындарды аралауға шыққан еді. 40 адамнан құралған топ Талдықорған маңындағы 5 ауданға барып қайтты.

null 

Соңғы жаңалықтар