Жетісудың Ақсу ауданында шаруа иесі 10 мың гектардан аса жерді пайдаланбай отыр

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының Ақсу ауданында шаруа иесі 10 мың гектардан аса жерді пайдаланбай отыр. Салдарынан ауыл халқына мал жаятын жер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ірі көлемде жер телімін алып, игермеген латуфиндистер бар. Мысалы Ақсу ауданы Қапал ауылындағы «Күреңбел» шаруашылығы 10,3 мың га жайылымды пайдаланбауда. Бұл мәселені 2017 жылдан бері ауыл тұрғындары көтеруде. Соның өзінде 2022 жылы небәрі 366 га жайылымдық жер қайтарылған. Аудан және ауыл әкімдері осымен ғана шектелуде», - деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңір басшысының қатысуымен өткен кеңесте.

Жалпы, Жетісу облысында 2022 жылы аэроғашықтық зерттеу арқылы барлығы 857,2 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер анықталған.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде мемлекет меншігіне 128,5 мың гектар қайтарылды.

Оның ішінде 121,3 мың га жайылым, 6,9 мың га егістік, 300 га шабындық жер.

Биыл 220 мың гектар пайдаланылмайтын жерді мемлекеттік меншігіне қайтару жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері 64,8 мың гектар қайтарылды.

«Десек те, бұл бағыттағы жұмысты Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандары сылбыр жүргізіп жатыр. Нақты айтсам, 2022 жылы орташа қайтару деңгейі 13,2 пайызды құраса, Ескелді ауданы 7,4% ғана орындаған. Биыл жер қайтару көлемі - 29,5 пайыз, Ескелді ауданы 6,3%, Панфилов 8,2% ғана орындаған», - деді Әлібек Жақанбаев.

Әкім орынбасарының сөзінше, ауыл маңына жақын орналасқан қайтарылған жайылым тиісті жоспарға енгізіліп, халық мұқтажына, ал егістік жерлер нақты ауылшаруашылық пайдаланушыларға конкурс арқылы табысталуы тиіс болатын.

Алайда, бүгінгі күні Кербұлақ ауданынан басқа аудандарда жоспар әзірленіп, бекітілмеген.

«Осының салдарынан бүгінгі күнге ауыл тұрғындарының мал жаюына қажет қосымша 688 мың гектар жайылым жерін бекітіп бере алмай отырмыз. Жердің мақсатты пайдалануын қадағалау - тікелей ауыл әкімдерінің міндеті. Алайда жергілікті жерлерде округ әкімдері қадағалау тұрмақ, жер пайдаланушыларды және қандай мақсатта пайдаланып отырғанынан хабарсыз. Білгеннің өзінде еш шарасыз отырады. Оның себебі - заңға сәйкес өзіне жүктелген тікелей міндетін толық білмейтіндігінде», - деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Соңғы жаңалықтар