Жетісуда жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғы курорты ашылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа Талғар ауданындағы тау шаңғы курортының жобасы  таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаға бастамашы болған «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев құрылыс жоспары мен нысан макетін көрсетіп, баяндап берді.

Е. Балфанбаевтың айтуынша, жоба аясында 12 аспалы жол, ұзындығы 31 шақырым болатын тау шаңғы трассасы, сол сияқты 700 төсек-орындық қонақ үй, мейрамханалар, дәмхана және басқа да нысандар салу көзделген. Келушілер саны жылына 724 мың адам, яғни күніне 12 мың адам келетіні күтілуде. 600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Ал тартылатын инвестиция көлемі 31 млрд теңге болатыны межеленіп отыр. Кешеннің басты ерекшелігі - оның жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтіндігінде.

«Тау шаңғы курортының жұмысы жыл маусымдарына тәуелді емес. Қысқы кезеңде тау шаңғысы, хоккей, конькимен сырғанау қызық болса, жазда велосипед теуіп, атқа мінуге болады. Яғни, шаңғы жолдары жазда велосипед жолы ретінде пайдаланылады. Осылайша  курорт туристердің жыл бойы демалуына қолайлы орын болмақ», - дейді Е. Балфанбаев.

Облыс әкімі Амандық Баталов туризмді дамыту жоспарланған жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Алматы облысына күні кеше жасаған сапарында өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, туризмді, соның ішінде тау туризмін дамытуға назар аударуды тапсырды. Бүгін таныстырылған тау шаңғы курортының жобасы осы міндетті орындауда аса маңызды деп есептеймін. Оның жұмысы жаппай туристер тарту ісіне ықпал ететін болады. Оған қоса жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестиция тартылады, ең бастысы халықты саламатты өмір салтына тартуға жәрдемдеседі», - деді А. Баталов.

Облыс әкімі инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту мәселелері жағынан қолдау көрсетілетінін айтты. Бұл атап айтқанда автокөлік жолдарына, электрмен, сумен қамтуға және кәріз жүйелеріне қатысты.


Фото: prokatt.com

Соңғы жаңалықтар