Жетісуда мас жүргізушілер кесірінен 6 көлік апаты болып, бір адам қаза тапты

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында мас жүргізушінің кесірінен 6 көлік апаты болып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысының автожолдарында патруль полицейлері көлік құралын басқару кезінде алкоголь немесе есірткіге мас болған 268 жүргізушіні анықтап, ұстады.

Мас жүргізушінің кінәсінен 6 жол оқиғасы болды, онда бір адам қаза тауып, 6 адам түрлі жарақат алды.

Соңғы жол апаты Панфилов ауданында тіркелді. Қорғас ауылында Lexus LX 470 пен Volkswagen Passat соқтығысты.

Жол апатынан екі көліктің де жүргізушісі зардап шегіп, ауыр жарақатпен жергілікті ауруханаға жеткізілді.

Медициналық тексеру кезінде жүргізушілердің бірі мас болғаны белгілі болды.

«Облыстық полиция жүргізушілерді көлікті басқару кезінде алкогольді ішімдіктен бас тартуға шақырады. Бұл талаптарды елемеу заңнамада көзделген жауапкершілікке ғана емес, сондай-ақ ауыр зардаптары бар жол-көлік оқиғасына әкеледі»,- делінген Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар