Жетісуда фитнес-залда жұмыс істейтін жігіт әйелдерді алдап, ақша жымқырған

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полицейлер бірнеше алаяқтық жасады деген күдікпен 26 жастағы ер адамды ұстады. Қылмыстық тергеу материалына сәйкес, Талғар аудандық полициясына 15 әйел және екі ер адам аталған азаматтың алаяқтығы жөнінде арызданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқық қорғау органдарының пікірінше, тергеу аясында жәбірленушілердің саны өсуі мүмкін. Себебі, полицияға арыз-шағымдар әлі де түсіп жатыр.

«Күдікті - Түркістан облысының 26 жасар тұрғыны. Ол бұған дейін де алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған және пробациялық бақылауды бұзғаны үшін іздестіріліп жатқан болатын. Қазір ол қамауға алынды»,-деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Анықталғандай, күдікті фитнес-залдардың бірінде жұмыс істеген.

«Барлық жағдайда күдікті өзінің ауру екенін, жағдайының нашар екенін алға тартқан. Мысалы, операцияға ақша керек екенін айтып, әйелдердің аяушылығын туғызған, осылайша алдап, ақшаларын алған»,- деп толықтырды полиция қызметінен.

Күдікті осы жылдың сәуір айынан бастап Талғар ауданындағы ауылдың бірінде тұрып жатқан. Ұсталған азаматтың басқа да осыған ұқсас фактілерге қатысы бар-жоғын аудандық полиция қызметкерлері тексеруде.

Соңғы жаңалықтар