Жетісуда ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығы Алматы облысы Жамбыл ауданында ашылады. Жобаны ҚР Тұңғыш Президенті қоры Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» бағдарламасы аясында жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтар мен инклюзивті білім беру сыныптары үшін қажетті нысандарды анықтау мақсатында Елбасы қорының қызметкерлері Алматы облысындағы төрт аурухана мен мектептерге арнайы барды. Олар Ұзынағаш ауылында салынып жатқан аурухананы аралап көрді, бұл жерде жақын маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындарына қызмет көрсетілмек. Ары қарай қор қызметкерлері облыс басшылығымен кездесіп, ауылдық жерлердегі ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту мәселесін талқылады.

Орталық бір жылда тірек-қимыл аппараты, орталық жүйке жүйесі бұзылған және басқа да дамуында ерекшеліктері бар 600 баланы ақысыз негізде қабылдай алады.

Атап өтерлігі, инклюзивті көмекке арналған осындай орталықтар мен сыныптар ҚР Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен еліміздің сегіз аймағында ашылатын болады.


Соңғы жаңалықтар