Жетісуда әкім орынбасары жүгерісін өткізе алмаған шаруалардың проблемасына ауыл әкімдерін кінәлады

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында ауыл шаруашылығы саласына жауапты әкім орынбасары Әлібек Жақанбаев жүгерісін өткізе алмаған шаруалардың проблемасына жергілікті әкімдікті кінәлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлібек Жақанбаев шаруалардың дер кезінде өнімін өткізе алмауы - түсіндірме жұмысының жеткіліксіз жүргізілуінің нәтижесі деп бағалады.

«Панфилов ауданы Басқұншы ауылының шаруашылықтары күзде жүгеріні осы аудандағы Жаркент крахмал-сірне зауытына килограммын 120 теңгеден өткізбей, көктемде бағасы 80 теңгеге дейін түскендіктен, өткізе алмай наразылық шығарып жатыр. Бұл шаруашылықтар бір жағынан бағадан ұтылса, екінші жағынан зауытқа өткізгені үшін бюджеттен төленетін 6 теңге субсидиядан қағылып отыр. Бұл негізінен ауылдық округ әкімдерінің шаруашылықтармен түсіндірме жұмысын дұрыс жүргізбеуінің нәтижесі деп білемін», - деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңір басшысының қатысуымен өткен кеңесте.

Айта кетейік, былтыр Жетісу облысында жүгері, қант қызылшасы, майлы дақылдар мен қарақұмық өнімдерін зауытқа өткізгені үшін бюджеттен 2,7 млрд теңге субсидия төленген.

Естеріңізге сала кетейік, Жетісу облысындағы Панфилов ауданының шаруалары былтырғы өнімдерін өткізе алмай жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Осылайша диқаншылардың 2 мың тоннадан аса жүгерісі далада жатыр.

Ал шаруалардың өнімді өткізе алмауына себеп - баға арзандап кеткен.


Соңғы жаңалықтар