Жетісуда 150 медициналық ұйымнан кемшіліктер табылып, 10 млн теңге айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында 150 медициналық ұйым қызметінде заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитет дерегінше, 2018 жылы Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 171 денсаулық сақтау нысанына тексеру жүргізіп, оның 150-і санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғанын анықтаған. Барлық медициналық ұйымда жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шаралары мен санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуы белгілі болған. Анықталған кемшіліктерге орай жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 10 млн 634 мың 825 теңгені құрайтын 390 айыппұл салынған. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын бұзу фактілерін жою туралы 137 ұйғарым беріліп, 2 материал сотқа жіберілген.

«Тексерулер нәтижесінде Алматы облысында есепте тұрған 1094 денсаулық сақтау нысанының арасында күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететін 65 мекеме анықталды. Оның ішінде бір нысан құрылысы және екі нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 2019 жылдың жоспарына - 5, ал 2020-2025 жылдарға - 27 нысан енгізілді», - деп атап өтеді комитеттен.

Жалпы, 2018 жылы Алматы облысында 13 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар