Жетісу жерінен соғысқа 120 мыңнан астам жауынгер қатысқан

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Жетісу жерінен Екінші дүниежүзілік соғысқа 120 мыңнан астам жауынгер қатысқан. Олардың жартысынан көбіне туған жерден топырақ бұйырмады. Бүгінде Алматы облысы бойынша 132 соғыс ардагері бар болса, оның 20-ы Талдықорғанда тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлы Жеңіс мерекесі күні мыңнан астам талдықорғандық майдангерлерді құрметпен еске алды. Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қоюдан басталған негізгі шаралар «Жастар» саябағында жалғасты. Ең алдымен көрермендерге «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған көрініс ұсынылды. Онда соғыс басталғаннан Жеңіске қол жеткізгенге дейінгі аралықтағы сұрапыл жылдардың ауыр кезеңдері көрсетілді. Саябақта дәстүрлі «Дала асханасы» қойылып, ардагерлер жауынгерлік ботқадан дәм татты. Жиналған қауымды мерекемен Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов құттықтады.

«Бүгін батырлық пен жанқиярлық ерліктің, бірлік пен тату тірліктің мерекесі - Ұлы Жеңіске 73 жыл толып отыр. Баршаңызды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Аға ұрпақтың жеңісі мен бүгінгі біздің жетістігіміз - бір-бірімен тығыз байланысты. Егер аға буынның ерлігі болмағанда, біз мұндай мемлекет құра алмас едік», - деп ерекше атап көрсетті. Бұл сұрапыл соғысқа 1 миллион 800 мың қазақстандық аттанып, соның тең жартысы қан майданнан қайтпады. Бүгін қасымызда жүрген соғыс ардагерлері - бiздiң мақтанышымыз. Олар Отан қорғау жолында нағыз патриотизмнiң үлгiсiн көрсетті. Аға буын жастарды тәрбиелеп, еліміздің өсіп-өркендеуі үшiн атсалысты. Ардагерлерге барынша қамқорлық жасау - бiздiң қасиеттi борышымыз», - деді Л. Тұрлашов.
null 

Сондай-ақ бүгін «Талдықорған» ипподромында мерекеге орай ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтіп, кешкілік «Жастар» саябағында жастарға арналған би кеші мен мерекелік отшашу ұйымдастырылады.
nullnull 

Соңғы жаңалықтар