Жетісу жастары волонтер жылын бастап кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының жастары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған еріктілер жылын салтанатты түрде бастап кетті. Талдықорғандағы ауқымды акцияға ҚР Парламентінің депутаттары мен сенаторлары, өңір басшылары қатысып жастарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында қазіргі таңда 1043 волонтер жұмыс істеп жатыр. 19 ұйым құрылған. Өңірде еріктілер саны алдағы уақытта еселене түспек. Жиналған жұрт алдында сөз алған өңір жастары волонтер болу әрбір адамның қолынан келетіндігін айтып, қайырымды, мейірімді болуға шақырды. Талдықорғандағы белсенді еріктілердің бірі Ержан Дәулетбаевтың айтуынша бүгінгі таңда волонтерлықтың көптеген бағыты бар. «Ағылшын тілін үйрету, басқа да сабақтар беру, немесе адамдарға психологиялық қолдау көрсету сияқты. Зооволонтерство дейміз. Яғни жануарларға, табиғатқа көмектесу. Сондықтан да еріктілік дегеніміз ең біріншіден адамның жүрегінен шығып жатқан тың дүние. Өзіміздің қанымызда бар дүние деп айтсақ та болады»,деді ол.

Салтанатты басқосуда спорт және өнер саласында танылып жүрген жастар да сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары, паралимпиада ойындарының жүлдегерлері, ақындар мен өңірдің белсенді жастары Президент бастамасына қолдау білдіріп, еріктілер қозғалысын еліміздің ауқымды әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттап, 2020 жылды қайырымды істер жылына айналдыруға үндеу тастады. Волонтер жылына арналған кеш қазақ эстрадасы жұлдыздарының концертіне ұласты.

Соңғы жаңалықтар