«Жетісу» радиосы ашылады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық «Жетісу» телеаранасының негізінде облыстық «Жетісу» радиосы ашылатын болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте телеарна басшысы Бейсен Құранбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл облыстық «Жетісу» телеарнасының құрылғанына 20 жыл. Мерей той аясында көптеген шаралар жоспарланып отыр. Бейсен Құранбек солардың біразын тізбектеп берді. Арна тарихында ең ауқымды қадам облыстық радио әуе толқынына шығады. Қазіргі таңда жиілікке байқау жарияланып, нәтижесін күтудеміз дейді, бас директор. Осы уақытқа дейін бірнеше көркем фильм түсіріп үлгерген шығармашылық ұжым арна жанынан кино бөлімін ашуды да жоспарлап отыр. Ал мерейлі дата мәдени-көпшілік, спорттық шаралармен, қайырымдылық акцияларымен есте қалмақ. Наурыз мерекесінде асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындардан облыстық БАҚ өкілдері аясында жарыстар ұйымдастырылады. Сондай ақ республикалық деңгейде футболдан турнир өтеді. Дәстүрлі әншілердің концертін, «Болмыс» ток-шоуының қайырымдылық концертін өткізу жоспарланған. Әр жылдары «Жетісу» телеарнасында еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, арна тарихынан сыр шертетін кітап жарыққа шығады. 20 жылда «Жетісу» телеарнасы кәсіби мамандарды даярлайтын үлкен мектепке айналды.

«Біздің «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығын атап өтудегі мақсат, бұл осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктерімізбен, табыстарымызбен, өзіміздің патша көңілді көрермендермен бөлісу. Солармен бірге алдыға жаңа мақсаттар, жаңа межелерді анықтап, соған жетудің жолдарын қарастыру.» -деп атап өтті Бейсен Құранбек.

Соңғы жаңалықтар