Жетісу полициясының музейін онлайн аралуға болады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Халықаралық музей күні қарсаңында Алматы облысының полициясы өз музейіне онлайн режимде виртуалды экскурсияны іске қосты. Енді жұртшылық Жетісу полициясының «3D» тарихымен компьютер немесе смартфон арқылы таныса алады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жалпы, біздің музейде 3D экскурсиясын іске қосу идеясы бұрыннан есте жүр еді. Күзет департаментіне қарасты режимдік нысанның бірі болғандықтан, музейге кіруде біршама «кедергілер» болғанын ескерсек, виртуалды экскурсияны іске қосудың өзектілігі айқын білінеді. Музейге qr-код сканерлеу арқылы да «кіруге» болады. Интернетті пайдалана отырып, өңір полициясының тарихын ғана емес, сонымен қатар, бірегей үлгілері сақталған қару-жарақ музейін де қарап шыға аласыз», - делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Айта кетейік, Алматы облыстық полиция музейі аты аңызға айналған Жетісу генералы Әбдіқадыр Болсамбековтың атында. Онда 1200-ден астам экспонат бар. Музей бірнеше залдан тұрады, оның әрқайсысында 1917 жылдан күні бүгінге дейінгі өңірдегі құқық қорғау жүйесінің қалыптасу тарихының жеке-жеке кезеңдері қамтылған.

Музейде сонымен қатар Қасымхан Чанышев, Махмұд Қожамжаров секілді бір кездері аты аңызға айналған жаркенттік милиционерлер туралы сыр шертетін сирек экспонаттар да қойылған. Екінші дүниежүзілік соғыс пен жапон соғысының батыры, генерал Әбдіқадыр Болсамбековтың парадтық әскери формасы мен наградалары, үкіметтік наградаларға ие болған басқа да батырлар туралы экспонаттар бар.

Соңғы жаңалықтар