Жетісу полицейлері марихуана өсірген екі азаматты ұстады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Соңғы бір тәулік ішінде Алматы облысында есірткі тектес өсімдікті баптаудың екі дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы дерек облыс орталығына жақын маңда орналасқан Көксу ауданында тіркелді. Тәртіп сақшылары жедел ақпарат негізінде жергілікті тұрғынның үйінен жалпы салмағы 9 кг жуық болатын 50 түп марихуананы тәркіледі.

«Марихуана күдіктінің бақшасында өсірілген. Сонымен қатар, полицейлер оның моншасынан пайдалануға дайын, кептірілген марихуана тапты. Осыған ұқсас жағдай Талғар ауданында да тіркелді. 40 жастағы қала тұрғынының тыйым салынған өсімдікті баптап өсіргені әшкере болды. Екі дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды»,- деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Жыл басынан бері облыс аумағында құрамында есірткі бар өсімдік өсірудің 8 дерегі анықталған. Өз кезегінде, тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдікті өсіру, баптау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын хабарлайды.

Соңғы жаңалықтар