Жетісу облысының әкімдігі күзге қарай басқа ғимаратқа көшеді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өз қызметінің басты бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайына, денсаулығына, лайықты табыс табуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне басты назар аударылатынын жеткізді. «Екінші, әділдік принципі. Заңның баршаға ортақ болуын, заңның басымдығын қамтамасыз етуіміз керек. Әлеуметтік әділетсіздік болмауы керек, әлеуметтік әділеттілік принципін сақтауымыз керек», - деді облыс әкімі медицина мамандарын кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада.

Сол сияқты табиғаты көркем, суы мол өңірде ауыл шаруашылығы, өңдеу өндірісі, туризм салаларын дамытуға, аймаққа жаңа инвесторлар тартуға басымдық беру керек деп топшылайтынын айтты.

Сонымен бірге ол Жетісу облысы әкімдігінің уақытша орналасу орны туралы алыпқашпа сөздерге нүкте қойды.

«Жаңа Жетісу облысы әкімдігінің Салтанат сарайында орналасуын қаламадым. Салтанат сарайы - бұл халыққа қажетті нысан, жастар неке қиятын орын. Ол жұмыс істеуі керек, халыққа қызмет етуі керек. Жастардың жолына бөгет болуға біздің қақымыз жоқ. Сондықтан біз Талдықорған қалалық әкімдігі ғимаратына уақытша орналастық. Облыс әкімдігінің өртенген ғимараты қалпына келтірілгеннен кейін біз күзге қарай сол орнымызға көшеміз деп ойлаймын», - деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Жарлығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Жетісу облысының әкімі болып Бейбіт Исабаев тағайындалды.




Соңғы жаңалықтар