Жетісу облысының 2 басқармасына басшылар тағайындалды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының мәдениет және жер қатынастары басқармаларына жаңа басшылар тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жетісу облысы әкімінің өкімімен Ермек Омарұлы Әпеков Жетісу облысының жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ермек Омарұлы Әпеков 1978 жылы туған. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Алматы технология университетін «ветеринарлық санитария», «кәсіпорындағы экономика және басқару» мамандықтары бойынша бітірді.

Еңбек жолын Іле ауданы Өтеген батыр кентінде Алматы облыстық ветеринарлық зертханада мал дәрігер болып бастады.

Әр жылдарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысы Балқаш аудандық аумақтық басқармада бас маман-ветеринарлық инспектор, Балқаш аудандық тұрғын үй-тұрмыстық шаруашылық бөлімінде, қала құрылысы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінде облыс әкімінің бас инспекторы, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары болды.

2022 жылғы маусымнан осы уақытқа дейін Қаратал ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Ал Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып Ермек Әбілқасымұлы Доланғаранов тағайындалды.

Ермек Әбілқасымұлы Доланғаранов 1965 жылы туған. Білімі жоғары.

Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институтын бітірген, мамандығы – мәдени ағарту жұмыстары, эстрадалық джаз оркестрінің дирижері. Еңбек жолын Сарқан ауданы «Энергия» колхозының көркемдік жетекшісі болып бастады.

Кейін Сарқан аудандық мәдениет бөлімінде клуб бөлімінің меңгерушісі, «Энергия» колхозы ұжымында музыкалық жетекші, аудандық мәдениет үйінің директоры, Талдықорған қаласында Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры қызметтерін атқарды.

2022 жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін Жетісу облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры болды.


Соңғы жаңалықтар