Жетісу облысында жұмысшылардың табысы мен санын жасыру фактілері көбейген

None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Жетісу облысында ауылшаруашылық саласындағы жұмысшылардың табысы мен санын жасыру фактілері жиілеген. Мәселен, статистика бойынша өңірде 19 931 шаруа қожалық тіркелсе, кірістер департаментінде 19 239 бар. Қалған 692 қожалық салық департаментіне тіркелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы саласында тағы бір өзекті мәселе - жұмысшылардың табысы мен санын жасыру фактілері орын алып отыр. Ол өз кезегінде өзін-өзі қамтығандардың санын арттырады. Талдау нәтижесінде кірістер департаменті мен статистика департаменті арасында ауытқулар бары анықталды. Статистика бойынша 19 931 шаруа қожалық тіркелсе, кірістер департаментінде - 19 239, айырмашылық - 692 қожалық. Бұл ең алдымен ауылдық округ әкімдерінің жергілікті жерде шаруашылық кітабын дұрыс толтырмайтынын және жаңартпайтынын көрсетеді. Бұл өз кезегінде статистиканың жалған деректеріне әкеледі», - дейді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Осыған сәйкес, иелігінде 100 гектардан астам жері және ауылшаруашылық техникасы бола тура жұмысшылардың санын көрсетпейтін 1226 қожалыққа талап қойылды.

Олар жалдамалы жұмысшыларды тіркеуге міндеттелді.

«Бүгінгі күні 194 шаруашылық 335 жұмысшыны тіркеп, декларация тапсырды, нәтижесінде жұмысшылардың әлеуметтік төлемі қамтылды. Зейнетақы қорына 11 млн 368 мың теңге, медициналық сақтандыру мен әлеуметтік аударымға 4 млн теңгеден аударылған», деді Әлібек Жақанбаев.

Дегенмен иелігінде айтарлықтай мал саны және көлігі бола тұра жұмысшылардың санын аз көрсеткен шаруашылықтардың тізімі жасалып, аудандардағы кірістер департаментінің бөлімшелеріне жіберілді.

Соңғы жаңалықтар