Жетісу облысында жолда тұрып қалған 3 көліктен 9 адам құтқарылды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында «Үшарал-Достық» автожолында қар құрсауында қалған 9 адам құтқарылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«22 қаңтарда сағат 19:50-де Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Алакөл ауданындағы «Үшарал-Достық» автожолында ауа-райының қолайсыздығына байланысты (боран, нөлдік көріну) қалың қарда көлік тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу Ақши ауылы мен Достық станциясынан құтқару бөлімшелерінің өкілдері жіберілді.

23 қаңтар күні таңғы сағат 9.00-де екпіні секундына 30 метрге жететін боранда «Ырғайты» учаскесінде жолда тұрып қалған 3 автокөліктің салонынан 9 адам құтқарылып, Достық станциясына жеткізілді»,- делінген Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құтқарылғандардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады.

Естеріңізге сала кетсек, 22 қаңтар күні сағат 18.00-де ауа-райының нашарлауына (боран, боран, көрінуді шектеу) байланысты «Үшарал-Достық» республикалық маңызы бар автожолы (84-тен 184 шақырымға дейін) барлық автокөлік түрлері үшін жабылды.

«Жетісу облысының ТЖД азаматтарды қолайсыз ауа-райы жағдайында алыс жолға шықпауға және 112 қызметі берген SMS хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды шақырады»,-делінген хабарламада.


Видеодан алынған кадр




Соңғы жаңалықтар