Жетісу облысында тағы 4 басқармаға жаңа басшы келді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында бір күнде 5 басқармаға жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің өкімімен Алмат Тоқтарбекұлы Үшкемпіров дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып тағайындалды.

Алмат Үшкемпіров 1982 жылы туған, білімі жоғары. Қазақтың спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт», Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «юриспруденция» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы облысы Жамбыл ауданы Беріктас орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдарда Алматы қаласындағы №1 олипиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің нұсқаушы-әдіскері, Жамбыл ауданы Беріктас орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы, директордың орынбасары, Қаратал ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, Алматы облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының, туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының бас маманы, бөлім басшысы лауазымдарын атқарды.

2021 жылдың қаңтар айынан - Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Сондай-ақ бүгіннен бастап Ғалымжан Темірғалиұлы Дәрібаев жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарады.

1988 жылы туған, білімі жоғары. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Талдықорған қаласында Алматы облысы қаржы басқармасының компьютер құрылғыларына қызмет көрсету жөніндегі операторы болып бастаған.

Әр жылдарда Алматы облысының қаржы басқармасында жетекші маман, бас маман, Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2021 жылдың наурызынан Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды.

Ал Момыш Елтайұлы Махметов мемлекеттік сатып алу басқармасына бастық болды.

Ол 1985 жылы туған, білімі жоғары. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «қаржы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Талдықорған қаласы Заречный ауылындағы №23 орта мектептің бухгалтері болып бастаған.

Кейін Алматы облысының қаржы басқармасында жетекші маман, Алматы облысы бойынша қазынашылық департаментінде жетекші маман-жетекші қазынашы, бас маман-бас қазынашы, бірнеше бөлімдердің бастығы, Қаржы министрлігі қазынашылық комитеті қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы, қоршаған ортаны қорғау, сол сияқты қоршаған орта және су ресурстары министрліктеріндегі экономика және қаржы департаментінде басқарма басшысы, энергетика министрлігі бюджет және қаржылық рәсімдер департаментінің орынбасары, әкімшілік жұмысы департаментінің директоры болып қызмет етті.

2022 жылдың ақпанынан Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.

Сонымен қатар Саят Маратұлы Қараласов мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылу басқармасына жетекшілік етпек.

Жаңа басшы 1978 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік көлік және коммуникациялар академиясын «темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы», Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық уиверситетін «құрылыс» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Тоннельный отряд 1» ЖШС жұмыскері болып бастаған.

Кейіннен Алматы қаласы құрылыс департаментінің жетекші маманы, құрылыс басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, «ЭКСПО-2017» АҚ «ҰК» Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің бас менеджері, Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бірнеше бөлімдерінде басшы болды.

2022 жылдың наурызынан бері Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы болды.

Айта кетейік, тағы бір мемлекеттік мекеме - Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасына Арман Жансеңгіров басшы болғанын осыған дейін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар