Жетісу облысында сауықтыру шарасы барысында заңсыз балық аулаған 68 адам ұсталды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысының Балқаш көлінде екі браконьер ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс аумағында 3 сәуір мен 1 маусым аралығында өткен «Нерест» профилактикалық іс-шарасының барысында полицейлер балық инспекторларымен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 68 адамды ұстады.

Соңғы дерек Сарқан ауданында тіркеліп, көршілес Алматы облысының 1983-87 жылы туған екі тұрғыны Балқаш көлінде ұсталды. Тәртіп сақшылары ұсталғандардан 272 келі заңсыз ауланған балық, екі қайық, балық аулауға арналған түрлі қармақтар мен тыйым салынған дараталшық торларын тәркіледі.

«Іс-шара барысында 68 құқық бұзушы ұсталды. 5 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардан шамамен ұзындығы 3 км әртүрлі браконьерлік торлар, 5 қайық және 800 кг-нан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді. Жалпы келтірген шығын шамамен 6 млн. теңгені құрайды», - деді Жетісу облысы ПД табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.

Ведомствода браконьерлерден тәркіленген балық сату үшін қабылдау пунктіне өткізіліп, одан әрі жиналған қаражат мемлекет кірісіне тапсырылатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар